Лес Хоуи: «ҚФФ бағдарламалары Еуропаның үздік тәжірибелеріне сәйкес келеді»
– ҚФФ бағдарламасының УЕФА-ның бұқаралық футбол хартиясының қазіргі кезеңіндегі (2024–2028 ж) алты бағыттың барлығын қамтып, жүзеге асырып жатқанын көру қуантады. «Мектептегі футбол» бағдарламасы негізгі жобалардың бірі және жоғары қатысу көрсеткіштеріне қол жеткізді. Ал клубтарды лицензиялау жүйесін енгізу олардың тұрақты дамуына ықпал етеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған футболдың дамуы да оң бағалануға лайық. Жас ойыншыларды тиімді дамытуға, ойын үлгілерін қалыптастыруға және даму жолдарын құруға бағытталған бейімделген форматтарды қолдану – маңызды аспектілердің бірі. Балаларды қорғау жүйесі де онлайн-курстарды енгізу арқылы айтарлықтай күшейтілді. Сонымен қатар, бұқаралық футбол бапкерлерін оқыту жүйесі өңірлік курстардың енгізілуі арқылы дамуын жалғастырып келеді.
Ұзақтан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Мектептегі футбол» бағдарламасын ерекше атап өткен жөн. Бұл жобаға мыңдаған мектеп пен жүздеген мың ұлдар мен қыздар қатысады. Бағдарламаның жергілікті деңгейден басталып, біртіндеп өңірлік және ұлттық деңгейге дейін дамуы – оның басты артықшылықтарының бірі. Әрине, бұл жобаның алдағы уақытта да кеңею мүмкіндігі зор.
Лицензиялау бағдарламасы клубтарды жүйелі дамытуға бағытталған. Мұнда ойыншыларды тәрбиелеу, басқару сапасын арттыру, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және білікті бапкерлерді даярлау мәселелері негізгі назарда. Бағдарламаның ауқымы кеңейіп, оған жеке сектордың да тартылуы футбол экожүйесін нығайтып, ойыншылардың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.
ҚФФ-та бұқаралық футболды дамыту нақты жоспар мен жүйелі көзқарасқа негізделген. Сонымен қатар, федерация басшылығының, оның ішінде президент пен техникалық директордың қолдауы бұл бағыттағы жұмыстардың тұрақты ілгерілеуіне ықпал етуде.
Сондай-ақ, ҚФФ-ның жаңашылдыққа ашық екенін ерекше атап өткен жөн. Клубтарды лицензиялау мен онлайн-білім беру жүйесінің енгізілуі даму үдерісін жеделдетіп отыр. Сонымен қатар, федерация ұлттық футболдың қалыптасқан дәстүрін сақтай отырып, жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыруды жалғастырып келеді.