Іле ауданының командасы - «Былғары доп» ұлттық мектеп лигасының чемпионы

Іле ауданының командасы - «Былғары доп» ұлттық мектеп лигасының чемпионы

23 сәуір 2026, 17:27
Астанада «Былғары доп» ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңі ойындары аяқталды. Финалда Қазалы мен Іле аудандарының командасы кездесіп, 0:1 есебімен алматылық  №20 мектеп командасының пайдасына аяқталды.

Сондай-ақ Қызылорда облысы Қазалы ауданының №25 орта мектеп командасы 2-орынды, Түркістан облысы Арыс қаласы Қаражантақ ауылы Бейсенбай Кенжебаев атындағы орта мектеп командасы 3-орынды иеленді.

Турнирде үздік ойын көрсеткендер бірқатар номинациямен марапатталды.

«Үздік қақпашы» - Мейірім Оразалы (Түркістан облысы);

«Үздік қорғаушы» - Зарина Ақбаралиқызы Зарина (Жамбыл облысы);

«Үздік жартылай қорғаушы» - Айдина Жанатбекқызы (Қызылорда облысы);

«Үздік шабуылшы» - Адалят Меліс (Алматы облысы);

«Үздік ойыншы» - Алина Октябрьқызы (Алматы облысы);

«Үздік бапкер» - Өмірзақ Сәрсенов (Қызылорда облысы).

Ұлттық мектеп лигасында «Үздік бапкер» атанған Өмірзақ Сәрсенов команданың турнирге дайындығы, әр матчта көрсеткен ойыны туралы айтып берді:

«Біз Қожабақ ауылынан келдік. Жыл сайын ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңіне қатысып тұрамыз. 2024 жылы екінші орынды иеленіп, бір қуанып қайтып едік. Былтыр өкінішке қарай, орын алмадық. Биыл бірінші орын алуды мақсат тұтып келіп едік, финалдық ойынға жеттік, бірақ екінші орынды алдық. Оған да ризамыз. Қыздарым алаңда жақсы ойын көрсетті, көңілім толады. Десе де алғашқы ойынымыз Алматы облысының командасымен өтіп, 2:1 есебімен жеңіп едік, бірақ осы кезде сәттілік жетпей қалды. Бірақ бұл – футбол, кім жеңері алаңда ғана шешіледі», деді Ө.Сәрсенов.

Іле ауданы №20 орта мектеп командасының мүшесі Бифатима Аменгелді турнир туралы пікірімен бөлісті:

«Мен бұрын кәсіби футбол клубында ойнап, кейіннен карьерамды аяқтадым. Бірақ мектепте осындай турнир болатыны айтылған кезде, тыс қала алмадым. Алаңда қыздардың қарым-қатынасы ерекше болде, бір-бірімізді сезіне білдік. Қарсылас команданың ойындары ерекше, қарқынды өтті. Әрине, біз де жеңуге тырыстық, «Былғары доп» кубогы үшін барымызды салып, соңына дейін ойнап, мақсатымызға жете алдық»,деді Б.Амангелді.

Айта кету керек, дәстүрлі ұлттық мектеп лигасы аясындағы ұлдар арасындағы ойындар 24-30 сәуір аралығында өтеді.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары