Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты: үздіктер ҚФФ академиясының U-15 командасына іріктеуге қатысады
Чемпионатты ҚФФ-ның элиталық жасөспірімдер футболы бөлімі ұйымдастырды. Бөлім директоры Евгений Свешниковтың айтуынша, турнир футбол мектептерінде тәрбиеленіп жатқан ойыншылардың әлеуетін бағалап, жан-жақты сараптауға мүмкіндік берді.
«Біз ең талантты әрі болашағынан үміт күттіретін футболшыларды анықтап, олардың профайлдарын толтырып, Easy coach платформасындағы деректер базасына енгіземіз. Сондықтан бұл турнир элиталық жасөспірімдер футболы бөлімінің де, жалпы Қазақстан футбол федерациясының да стратегиясын жүзеге асырудағы негізгі құралдардың бірі болып саналады», деді Евгений Свешников.
Турнир ерекшелігі жас футболшылар арасынан үздік ойын көрсетіп, қатарынан озғандар биыл ҚФФ Академиясының U-15 командасының іріктеуіне қатысады.
Чемпионат ойындары кезінде ұлттық құрама ойыншысы Айбол Әбікен барып, жас фуболшыларға қолдау білдіріп қайтты.
«Әрине, мұндай турнирдің жас ойыншыларға берері мол. Өзіміз де осындай кішкентай алаңда ойнап, өстік. Болашақта елімізді халықаралық аренада көрсететін футболшылар шығады деп сенемін, інілерімді қолдаймын. Мүмкіндігінше, осындай турнирлерді қалдырмауға, балаларды қолдап келуге тырысамыз. Жалпы ұлттық құраманың ойыншысы болу үшін ойыншыға алдымен еңбекқорлық керек. Талмай еңбектенсе, арманы орындалады», деді А.Әбікен.
Чемпионат қорытындысымен Астана қаласының құрамасы 1-орынды жеңіп алды. Ал Шымкент қаласының құрамасы 2-орынды, Жамбыл облысы құрамасы 3 орынды иеленді.
Жекелей номинациялар бойынша:
«Үздік қақпашы» – Субхон Тургунов (Шымкент);
«Үздік қорғаушы» – Еділ Рыздаулет (Қызылорда облысы);
«Үздік жартылай қорғаушы» – Айбар Жетпісбаев (Жетісу облысы);
«Үздік шабуылшы» – Иван Коротков (Шымкент);
«Үздік бомбардир» – Бақтияр Қадырбек (Жамбыл облысы);
«Үздік ойыншы» – Артур Голотойстров (Астана).
Турнир жас футболшылардың ойын тәжірибесін жинап, өз әлеуетін танытуға үлкен мүмкіндік болды.
«Мұндай турнирдің біздің ойын тәжірибемізді арттыруға септегі мол. Біз осы Чемпионатқа жыл сайын қатысамыз. Былтыр 1-орынды алдық, биыл да жеңеміз деген үміт болды. Команда ішінде атмосфера жақсы, алаңда түсіне білеміз. Осылай бірлігіміз жарасып, мақсатымызға жетеміз деген сенімдемін. Болашақта мен де ұлттық құрама жейдесін киіп, елімнің мақтанышы болуға жұмыстанамын,-деді «Ұлан» ФК ойыншысы Сүндет Пірмәнов.
Айта кету керек, алдағы уақытта 2010, 2011, 2013 және 2014 жылы туған жас санаттары арасындағы турнир Ақтөбе, Павлодар, Петропавл және Шымкент қалаларында өтеді.