Юлия Мамонова: «Халықаралық турнирлер жас ойыншылардың өсуіне үлкен тәжірибе береді»
Қазақстан WU-16 құрамасы алғашқы ойында Эстония қыздарын 5:1 есебімен жеңгенімен, қалған екі ойында Израиль мен Өзбекстанға есе жіберді. Осылайша, үш ұпаймен жарысты екінші орында аяқтады.
– Команданың турнирдегі ойынына қандай баға берер едіңіз?
– Жалпы, команданың ойынына оң баға беремін. Біз үшін бұл турнир ойыншыларды дамыту мен халықаралық деңгейде команданы тексеру тұрғысынан өте маңызды болды. Қыздар жоғары деңгейдегі матчтарда ойнап, қазіргі халықаралық футболдың талаптарын көрді. Қысым мен жоғары қарқын жағдайында өздерін сынады. Сонымен қатар бұл турнир бізге әлі де жұмыс істеу керек тұстарды көрсетті. Атап айтқанда, ойын тұрақтылығы, қысым кезінде дұрыс шешім қабылдау және 90 минут бойы ойын құрылымын сақтап қалу мәселелері бар.
– Турнир Эстонияны ірі есеппен жеңуден басталды. Сенімді старт қаншалықты маңызды болды?
– Жарысты жеңіспен бастау әрқашан маңызды. Әсіресе құраманың жартысына жуығы ұлттық командаға алғаш рет шақырылған жас ойыншылар. Алғашқы ойындағы жеңіс қыздарға сенімділік берді. Турнир деңгейін сезінуге және өз күшіне сенуге көмектесті. Бірақ келесі матчтарда қарсыластар деңгейі күшейетінін түсіндік. Сондықтан эмоцияға берілмей, ойыннан ойынға дамуға көңіл бөлдік.
– Келесі екі ойында командаға не жетіспеді?
– Израильге қарсы матчта негізгі фактор қарсыластың жоғары қарқыны мен жақсы физикалық дайындығы болды. Біз жақсы қарсылық көрсеттік, бірақ 1:1 есебін сақтап қалуға концентрация жетіспеді. Екінші таймның соңғы минутында гол жіберіп алдық.
Өзбекстанмен өткен ойында кей сәттерде допсыз ойындағы жинақылық, орталық аймақты уақытында жабу және қорғаныстан шабуылға ауысуда тұрақтылық жетіспеді. Кей ойыншылар үшін бұл осындай деңгейдегі алғашқы халықаралық матчтар болды. Сондықтан бүкіл ойын бойы эмоциялық және ойын қысымына төтеп беру оңай болған жоқ. Бірақ дәл осындай кездесулер ойыншылардың өсуіне ең көп тәжірибе береді.
– Жас футболшылар үшін халықаралық турнирлерде ойнау қаншалықты маңызды?
– Бұл – жас ойыншыларды дамытудың ең маңызды кезеңдерінің бірі. Халықаралық турнирлер футболшыларға қазіргі футболдың нақты талаптарын көрсетеді. Яғни ойын жылдамдығы, қарқын, жекпе-жек деңгейі, шешім қабылдау және психологиялық тұрақтылық сияқты дүниелерді сезінеді. Осындай матчтарда мінез қалыптасады, сенімділік артады және футболға деген кәсіби көзқарас пайда болады. Көп ойыншы дәл осындай тәжірибе арқылы болашақта жоғары деңгейге шығу үшін қай бағытта жұмыс істеу керек екенін түсінеді.