Иван Азовский: «Премьер-лигада жақсы өнер көрсеткен жас ойыншылар Ұлттық құрамаға шақырылды» 

Иван Азовский: «Премьер-лигада жақсы өнер көрсеткен жас ойыншылар Ұлттық құрамаға шақырылды» 

06 мамыр 2026, 18:50
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкерінің көмекшісі Иван Азовский маусым айында Армения және Мажарстан құрамаларына қарсы өтетін жолдастық кездесулерге қатысатын ойыншылардың кеңейтілген тізіміне қатысты пікірін айтты.

«Отыз алты ойыншыдан тұратын кеңейтілген тізім жарияланды. Бұл жай ғана 36 футболшы емес, FIFA Series турнирінен кейін үнемі бақылауда болған ойыншылар. Сондықтан бұл тізімге Жасұлан Әмір, Мақсат Абраев, Мағжан Тоқтыбай секілді жас футболшылардың енуі кездейсоқ емес. Олар Премьер-лига матчтарында өздерін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Бірі алаңға қосалқы құрамнан шығып ойнаса, енді бірі толық матч өткізіп, тұрақты деңгей көрсетіп келеді.

Абраев әлі жас болғанымен, оның көрсеткіштері ҚПЛ-дағы үздік ойыншылардың деңгейіне жақын екенін байқалады. Сол себепті бұл жігіттерді жақыннан көріп, тексергіміз келеді. Әрине, соңғы құрамға кімнің енетіні кейін белгілі болады.

Дегенмен, олар осы қарқыннан таймай, өздерін дәл осылай көрсете берсе, ұлттық құраманың бақылауында болады. Шамамен оқу-жаттығу жиынына екі апта қалғанда нақты тізім жарияланады. Оған дейін Талғат Маруаұлымен бірге барлық үміткерді қарап, талқылаймыз. Матчтарға бірге барып, әр ойыншыны жаттықтырушылар штабымен бірге онлайн режимде талдап отырамыз. Сондықтан кеңейтілген тізімге де ешкім кездейсоқ енбейді.

Тағы бір жақсы жаңалық, оқу-жаттығу жиыны Шымкентте өтеді. Ереван мен Дебрецендегі матчтар да табиғи алаңда өтетіндіктен табиғи алаңда жаттығуды жөн көрдік», – деді Азовский.

 

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары