Қазақстанда тұңғыш рет УЕФА-ның «Fitness B» бағыты бойынша дене даярлығы бапкерлерін даярлау курсы басталды

Қазақстанда тұңғыш рет УЕФА-ның «Fitness B» бағыты бойынша дене даярлығы бапкерлерін даярлау курсы басталды

08 мамыр 2026, 12:30
2026 жылдың 5-7 мамыр аралығында Қазақстанда УЕФА-ның «Fitness B» курсының алғашқы модулі өтті. Бұл білім беру бағдарламасы елімізде алғаш рет жүзеге асырылып жатыр және ол футболдағы дене даярлығы мамандарын дамытуға бағытталған.

Курс УЕФА-ның жаттықтырушылық білім беруге қоятын заманауи талаптарына толық сай келеді және фитнес-жаттықтырушы жұмысының негізгі бағыттарын қамтиды. Қатысушылар ойын талаптарын, физикалық қасиеттерді дамытуды, жаттығу үдерісін жоспарлауды, сондай-ақ фитнес элементтерін футбол жаттығуларына бейімдеу жолдарын тереңірек меңгереді.

Бағдарлама төрт модульден тұрады, оның әрқайсысы теориялық және практикалық жұмыстарды қамтиды. Модульдер арасындағы үзілісте қатысушылар өз клубтарында тапсырмалар орындап, алған білімдерін жаттығу барысында тәжірибеден өткізеді.

«Қазақстанда УЕФА-ның «Fitness B» лицензиясының пайда болуы – отандық футбол үшін өте маңызды әрі дер кезінде жасалған қадам. Бұл лицензия қазақстандық дене даярлығы мамандарына жаңа мүмкіндіктер ашып, халықаралық деңгейде жұмыс істеуге жол ашады.

Қазір бізге өте көп статистикалық мәліметтер ұсынылады. Осы ақпаратқа сүйене отырып, болашақта бұл бағыттағы жұмысты жақсартуға өз үлесімізді қосамыз деп сенеміз.

Келесі модульдерден көбірек практикалық жұмыс күтемін. Себебі теория – бір бөлек дүние, оны іс жүзінде қолдану мүлдем басқа.

Біздің кураторларымыз қазір бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр. Тәжірибе барысында өте пайдалы мәліметтер алып жатырмыз және алдағы уақытта бұл білімді кәсіби қызметімізде қолдануға тырысамыз», – деді футболдан ҚФФ академиясының дене даярлығы жаттықтырушысы Жеңіс Арыстан.

Курс аяқталғаннан кейін тыңдаушылар қорытынды емтихан тапсырып, өз біліктіліктерін дәлелдеуі тиіс.

УЕФА-ның «Fitness B» курсын іске қосу –  Қазақстандағы жаттықтырушылық білім беру жүйесін дамытудағы маңызды кезең. Бағдарлама кәсіби және жасөспірімдер футболына арналған дене даярлығы мамандарын даярлау сапасын арттыруға бағытталған.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары