Киберфутболдан Қазақстан құрамасы FIFAe Nations League турнирінде Еуропаның үздік бестігіне енді
Алғашқы ойын аптасының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы Еуропа аймағында 145 ұпай жинап, Consistency Points рейтингінде 5-орынға жайғасты. Осылайша, жерлестеріміз Хорватия, Нидерланд және Португалия сияқты мықты командаларды артқа тастады. Еліміздің намысын ұлттық чемпионаттың жеңімпаздары Жансерік «Neo» Мирамбек пен Нұрсұлтан «Kezdesser» Еркежанұлы қорғап жатыр.
FIFAe World Cup 2026™️ турниріне іріктеу жүйесі
FIFAe World Cup 2026™️ додасына жолдама алу FIFAe Nations League және FIFAe Continental Championship турнирлері арқылы жүзеге асады. Үш аптаның қорытындысы бойынша Consistency Points рейтингінде Еуропаның үздік 5 командасы Continental Championship кезеңіне тікелей жолдама алады. Сондай-ақ үшінші аптаның нәтижесі бойынша тағы 3 құрама осы кезеңге қосылады. Осылайша, Continental Championship-те бақ сынайтын 8 еуропалық ұжымның арасынан FIFAe World Cup 2026™️ финалдық сатысына қатысушылар анықталады.
Алғашқы аптаның айқын жеңістері
1/16 финалда Қазақстан құрамасы Португалия құрамасын 8:1 есебімен жеңіп, сенсация жасады. Бұған дейін жерлестеріміз Хорватиядан 5:0 есебімен сенімді түрде басым түсті. Қазақстандық киберфутболшылар алғашқы матчтардан-ақ жоғары деңгей көрсетіп, маусым соңына дейін үздік бестіктегі орнын сақтап қалуға ниетті.
Ұлттық құраманың бұл жетістігі Қазақстан футбол федерациясының киберфутболды дамытудағы жүйелі жұмысының нәтижесі. ҚФФ Президенті Марат Омаровтың бастамасымен биыл федерация аясында ауқымды жобалар қолға алынды. Қазақстан киберфутболы тарихында тұңғыш рет EA SPORTS FC™️ еКПЛ турнирі ұйымдастырылды. Онда «Шахтёр» клубының өкілі Данияр Шарабадин жеңімпаз атанды. Ол 15-16 мамырда Манчестерде өтетін УЕФА eChampions League League Phase финалдық кезеңінде Қазақстан намысын қорғайды.