Станислав Погорелов: «Біздің мақсатымыз – бүкіл ел бойынша заманауи футбол білім беру жүйесін қалыптастыру»
– Қазіргі таңда ҚФФ Техникалық орталығы немен айналысады және оның қазақстандық футболды дамытудағы рөлі қандай?
– Бүгінде ҚФФ Техникалық орталығы еліміздегі футболды дамыту жүйесінің негізгі буындарының бірі саналады. Орталықтың басты міндеті – УЕФА талаптарына сәйкес бапкерлер мен футбол саласындағы мамандарды даярлау.
Біз білім беру бағдарламаларын жетілдіріп, түрлі деңгейдегі бапкерлік лицензиялар бойынша оқыту жұмыстарын жүргіземіз, заманауи әдістемелерді енгізіп, ел көлемінде мамандар даярлаудың бірыңғай жүйесін қалыптастырып келеміз. Бұл жұмыс кәсіби футболмен ғана шектелмейді. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер футболын, академияларды, өңірлік орталықтарды, футзалды, әйелдер футболын және өзге де бағыттарды қамтиды.
Футболдың деңгейі бапкерлердің біліктілігіне тікелей байланысты екенін түсіну маңызды. Себебі ойыншымен күн сайын жұмыс істейтін, оның ойын түсінігін қалыптастырып, жаттығу процесіне деген көзқарасын, тәртібін және дамуын бағыттайтын – бапкер. Сондықтан бапкерлердің білімін жетілдіру арқылы біз клубтардың, академиялардың, ұлттық құрамалардың және тұтастай қазақстандық футболдың болашағына әсер етеміз.
– ҚФФ Техникалық орталығының алдында қандай негізгі міндеттер тұр?
– Бүгінде Техникалық орталықтың алдында бірнеше маңызды міндет тұр. Оның алғашқысы әрі ең ауқымдысы – білікті бапкерлер санын арттыру. Қазіргі таңда Қазақстанда UEFA лицензияларының түрлі санатына ие 1351 бапкер жұмыс істейді. Ал біздің стратегиялық мақсатымыз – 2032 жылға қарай лицензияланған бапкерлер санын 5000-нан асыру.
Екінші міндет – білім беру сапасын арттыру. Біз үшін мамандар санын көбейту ғана емес, олардың сапалы даярлануы да маңызды. Сондықтан бапкерлер заманауи білім алып, тәжірибелік дайындықтан өтіп, кейін сол білімін клубтарда, академияларда, футбол орталықтарында және өңірлерде тиімді қолдана алатын тұрақты жүйе қалыптастыруға басымдық береміз.
Үшінші міндет – нұсқаушылар даярлау. Қазіргі уақытта жүйеде 33 нұсқаушы жұмыс істейді. Ал 2032 жылға қарай олардың санын 150-ден асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл өте маңызды, өйткені бапкерлерді даярлау сапасына тікелей жауап беретін – нұсқаушылар. Оқытушылар құрамының деңгейі жоғары болған сайын бүкіл білім беру жүйесінің сапасы да арта түседі.
Сонымен қатар өңірлерді дамыту да басты назарда. Біз оқытуды барынша қолжетімді етуді көздейміз. Сол себепті бапкерлер UEFA «C» және UEFA «B» курстарын тек ірі қалаларда ғана емес, өз өңірлерінде де өтіп, жұмыс орны мен тұрғылықты жеріне жақын жерде білім ала алуы қажет.
Бұдан бөлек, Техникалық орталықты дамыту аясында мамандар даярлаудың кәсіби бағыттарын кеңейту жоспарланып отыр. Дәстүрлі бапкерлік білім берумен қатар фитнес, футзал, қақпашыларды даярлау, элиталық жасөспірімдер футболы, аналитика, скаутинг, спорттық медицина, спорт менеджменті және спорт директорларын даярлау бағыттарына ерекше көңіл бөлінеді.
– Неліктен бүгінде бапкерлік білім беру футболды дамытудың басты бағыттарының бірі саналады?
– Өйткені мықты бапкерлер корпусысыз футболдың жүйелі дамуына қол жеткізу мүмкін емес. Ойыншының табиғи таланты болуы мүмкін, алайда оның қаншалықты өсіп, дамитыны күн сайын онымен жұмыс істейтін маманға байланысты. Бапкер ойынның қыр-сырын, футболшылардың жас ерекшеліктерін, жаттығу әдістемесін, сондай-ақ физикалық, тактикалық және психологиялық дайындыққа қойылатын заманауи талаптарды жақсы меңгеруі керек.
Бұл әсіресе балалар мен жасөспірімдер футболында аса маңызды. Дәл осы кезеңде ойыншының іргетасы қаланады: техникасы қалыптасады, ойын ойлау қабілеті дамиды, тәртіпке үйренеді, футболды түсіну деңгейі мен жаттығуға деген көзқарасы қалыптасады. Егер осы сатыда футболшымен білікті бапкер жұмыс істесе, оның өз әлеуетін толық ашуға мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болады.
Сондықтан бапкерлік білім беру – жеке бір жоба емес, бүкіл футбол жүйесінің негізі. Бапкерлерді даярлау арқылы бұқаралық футбол, академиялар, кәсіби клубтар, жасөспірімдер құрамалары және ұлттық құрама дамиды. Еліміздің түкпір-түкпірінде білікті мамандар қаншалықты көп жұмыс істесе, қазақстандық футболдың дамуы да соншалықты тұрақты әрі нәтижелі болады.
– Егер адам футболдағы мансабын ойыншы ретінде емес, бапкер, скаут немесе аналитик ретінде бастағысы келсе, неден бастауы керек?
– Ең алдымен білімнен, тәжірибеден және қай бағытта дамитынын нақты түсінуден бастау қажет. Бүгінде футбол тек ойыншылар мен бас бапкерден тұрмайды. Команда айналасында үлкен мамандар жүйесі жұмыс істейді: бапкерлер, аналитиктер, скауттар, қақпашылар бапкері, фитнес-бапкерлер, медицина мамандары, менеджерлер, спорт директорлары.
Болашақ бапкер үшін алғашқы қадам – ұлттық «D» категориясы және UEFA «C» лицензиясы. UEFA «C» лицензиясы – негізгі әрі міндетті бастапқы бапкерлік білім деңгейі. Осы кезеңде бапкер қазіргі футболдың негіздерін, ойыншыларды оқыту әдістемесін және жаттығу процесін ұйымдастыруды үйренеді.
Кейін маман өз бағытын таңдай алады. UEFA «B», UEFA «A», UEFA Pro деңгейлері арқылы классикалық бапкерлік жолмен жоғары көтерілуге болады. Сонымен қатар тар бағыттарда да дамуға болады: элиталық жасөспірімдер футболы, қақпашыларды дайындау, фитнес, футзал.
Егер адам аналитик немесе скаут болғысы келсе, оған да оқу қажет. Ойынны терең түсіну, видеомен жұмыс істей білу, статистика, ойын модельдерімен жұмыс істеу, ойыншылар мен команданың әрекеттерін эмоциямен емес, кәсіби тұрғыда бағалау маңызды. Қазіргі футбол тұрақты оқуды талап етеді. Ойынға деген тек сүйіспеншілік жеткіліксіз – білім, тәжірибе және үздіксіз даму қажет.
– Қазақстанда бүгінгі таңда қандай бапкерлік лицензиялар қолжетімді және бастапқы деңгейден кәсіби категорияларға дейін оқу жүйесі қалай құрылған?
– Қазақстанда UEFA талаптарына сәйкес бапкерлік білім беру жүйесі қолданылады. Бапкердің жолы ұлттық «D» категориясынан және UEFA «C» лицензиясынан басталады. Бұл – әрі қарай кәсіби дамуға негіз болатын базалық деңгей.
UEFA «C»-ден кейін бапкер оқуын UEFA «B», одан кейін UEFA «A» және UEFA Pro деңгейлерінде жалғастыра алады. UEFA Pro лицензиясы – ең жоғары бапкерлік категория және кәсіби футболдың ең жоғарғы деңгейінде жұмыс істеу үшін қажет.
Сонымен қатар қазіргі жүйе тек классикалық лицензиялармен шектелмейді. Қазақстанда арнайы мамандандырылған бағыттар да дамып келеді. Оларға қақпашылар бағыты кіреді: UEFA «B» Goalkeeper және UEFA «A» Goalkeeper. Фитнес бағыты: UEFA «B» Fitness және болашақта UEFA «A» Fitness. Футзал бағыты: UEFA «C» Futsal, UEFA «B» Futsal, UEFA «A» Futsal. Сондай-ақ элиталық жасөспірімдер футболы бағыты да жеке дамып келеді, оның ішінде UEFA «B» Youth және UEFA «A» Elite Youth бар.
Бұл жүйе бапкерге тек лицензия алумен шектелмей, өз кәсіби мамандану бағытын таңдауға мүмкіндік береді. Қазіргі футбол тар профильді мамандарға сұраныс тудырады, сондықтан жеке бағыттардың дамуы Техникалық орталықтың жалпы стратегиясының маңызды бөлігі болып табылады.
– Қазақстанда қандай жаңа оқу бағыттары енгізілуде немесе алдағы уақытта жоспарланып отыр?
– Соңғы жылдары ҚФФ Техникалық орталығы футболдық білім беру жүйесін белсенді түрде кеңейтіп келеді. Бұрын негізгі назар UEFA «C», UEFA «B», UEFA «A» және UEFA Pro сияқты классикалық бапкерлік лицензияларға аударылса, қазір жүйе әлдеқайда кеңейіп, көпсалалы сипатқа ие болып отыр.
Қазірдің өзінде қақпашылар бапкерлерін, фитнес мамандарын, футзал мамандарын және элиталық жасөспірімдер футболы бойынша тренерлерді даярлау дамып келеді. 2026 жылы UEFA «B» Fitness бағдарламасы бойынша оқу басталды, шілде айында UEFA «C» Futsal курсын бастау жоспарланған, тамызда UEFA «A» Goalkeeper бойынша оқу өтеді, ал күзде UEFA «B» Youth бағдарламасы іске қосылады. Алдағы екі-үш жыл ішінде UEFA «A» Fitness, UEFA «B» Futsal және UEFA «A» Futsal бағдарламаларын іске қосу жоспарланып отыр.
Бапкерлік бағыттардан бөлек, Техникалық орталық қазіргі футболға қажетті басқа да мамандықтарды дамытуға кірісіп отыр. Олардың қатарына аналитика, скаутинг, спорттық медицина, спорттық менеджмент және спорт директорларын даярлау кіреді.
Бұл өте маңызды қадам, себебі қазіргі футбол тек алаңдағы ойынмен шектелмейді. Ол толыққанды командалық жүйе. Клубтарға, академияларға және ұлттық құрамаларға ойынды талдай алатын, селекция жүргізетін, спорттық процестерді басқаратын, ойыншылардың дамуын сүйемелдейтін және заманауи стандарттармен жұмыс істейтін мамандар қажет.
– Қазақстанда қазір қанша лицензияланған бапкер жұмыс істейді және Техникалық орталық қандай көрсеткіштерге қол жеткізуді жоспарлап отыр?
– Бүгінгі таңда Қазақстанда UEFA әртүрлі санаттағы лицензиясы бар 1351 бапкер жұмыс істейді.
2032 жылға қарай ҚФФ Техникалық орталығы UEFA лицензиясы бар бапкерлер санын 5000-нан асыруды жоспарлап отыр.
– Қазақстан үшін тек кәсіби командалар бапкерлерін ғана емес, сонымен қатар балалар-жасөспірімдер футболы, академиялар және аймақтар үшін мамандар даярлау қаншалықты маңызды?
– Бұл ең маңызды бағыттардың бірі. Футболдың іргетасы кәсіби командалардан емес, балалар-жасөспірімдер деңгейінен басталады. Дәл сол жерде ойыншы алғаш рет жүйелі білім алады, ойынды түсіне бастайды, жаттығу процесіне үйренеді және футболға деген көзқарасын қалыптастырады.
Егер аймақтарда, академияларда, спорт мектептерінде және футбол орталықтарында білікті бапкерлер жұмыс істесе, талантты балалардың дамуына көбірек мүмкіндік туады. Қазақстан үшін бұл ерекше маңызды, себебі ел аумағы үлкен және футбол тек бірнеше ірі қалада ғана дамымауы тиіс. Талантты балалар барлық өңірде бар, ал жүйенің міндеті – оларға сапалы бапкерлер мен заманауи әдістемелерге қолжетімділік беру.
Сондықтан Техникалық орталық өңірлік оқытуға ерекше көңіл бөледі. Бапкерлердің UEFA «C» және UEFA «B» лицензияларын өз өңірінде, тұрғылықты жерінен шықпай-ақ ала алуы маңызды. Бұл оқытуды қолжетімді етеді және өңірлердегі футбол ортасының дамуына ықпал етеді.
Сонымен қатар элиталық жасөспірімдер футболын дамыту да ерекше маңызға ие. Жас ойыншылармен жоғары деңгейде жұмыс істей алатын мамандарды даярлау клубтардың, академиялардың және ұлттық құрамалардың болашағына тікелей әсер етеді.
– ҚФФ Техникалық орталығы стратегиясында әйелдер футболын дамыту және әйел бапкерлерді даярлау қандай рөл атқарады?
– Әйелдер футболын дамыту – жалпы стратегияның маңызды бөлігі. Біз үшін футболға тек ойыншы ретінде ғана емес, сонымен қатар бапкер, маман, инструктор және басқарушы ретінде де қыздар мен әйелдердің көбірек келуі өте маңызды.
Әйел бапкерлерді даярлау кадрлық базаны кеңейтіп, Қазақстандағы әйелдер футболының дамуына жаңа мүмкіндіктер жасайды. Бұл бағытта білікті мамандар қаншалықты көп болса, жүйе соғұрлым мықты болады: балалар-жасөспірімдер деңгейінен бастап кәсіби командалар мен ұлттық құрамаларға дейін.
Қыздар мен әйелдерге UEFA лицензияларын алу, оқу процесінен өту, маман ретінде дамып, футболдың әртүрлі сегменттерінде жұмыс істеу үшін жағдай жасау маңызды. Бұл балалар командаларына, академияларға, клубтарға және ұлттық құрамаларға да қатысты.
Техникалық орталық үшін бұл бір реттік бастама емес, ұзақ мерзімді футбол экожүйесін дамытудың бір бөлігі. Әйелдер футболы ерлер футболы сияқты жүйелі түрде білікті бапкерлер мен мамандармен қамтамасыз етілуі тиіс.