ҚФФ Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығымен меморандумға қол қойды
Меморандум аясында тараптар донорлыққа қатысты іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыру, бастамаларды ақпараттық тұрғыдан қолдау және қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу бағытында жұмыс жүргізеді.
ҚФФ атынан меморандумға қол қоюға Бас хатшының міндетін атқарушы Александр Кеплин қатысты. Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығын басқарма төрайымы Сания Әбдірахманова таныстырды.
Ынтымақтастық шеңберінде Қазақстан футбол федерациясы өз ақпараттық ресурстары арқылы ерікті донорлық қозғалысты және салауатты өмір салтын насихаттауға атсалысады. Ал Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы донорларға сапалы қызмет көрсетіп, іс-шараларға қатысушыларға қажетті қолдау көрсетуді және өз алаңдарында ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар тараптар ерікті қан донорлығының маңызы мен салауатты өмір салты туралы қоғамның хабардарлығын арттыруға бағытталған ортақ ақпараттық-білім беру алаңын дамытуға ниетті.