FIFA техникалық сарапшысы Дариуш Пасиека ҚФФ академиясына жұмыс сапарымен келді
Сапардың негізгі мақсаты – FIFA Talent Development Scheme бағдарламасы аясында таланттарды дамыту жөніндегі жаттықтырушы Виталий Астафьевтің күнделікті жаттығу жұмысын бақылау.
Ынтымақтастық аясында маман жаттықтырушыға тәлімгерлік жасап, оның кәсіби қызметінің барлық бағытын дамытуға қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, ҚФФ академиясының 2011 жылы туған футболшыларының жаттығуын бақылап, олардың дамуы мен дайындығына толық қатысты.
Сарапшы қазақстандық жас футболшылардың техникалық деңгейіне оң баға берді. Ол команда ойынын бақылап, физикалық тұрғыдан айырмашылық болғанымен, U-16 санатындағы академия ойыншыларының техникалық және комбинациялық футбол жағынан жақсы әсер қалдырғанын айтты.
Дариуш Пасиека Қазақстанға сапары барысында QJ League VI турының ҚФФ Академиясы U-16 – «Шахтер» U-17 ойынына қатысып, өз пікірімен бөлісті:
«Мен команданы халықаралық командаларға қарсы ойында көрген жоқпын. Алайда «Шахтер» U-17 командасымен ойынын бақыладым. Екі команда арасында физикалық дайындықтағы айырмашылықты байқадық. Алайда техника жағынан ешқандай үлкен айырмашылық көрмедім. Керісінше, біздің команда техникалық тұрғыдан өте жақсы әсер қалдырды. Команданың алға ойнауы, доппен жұмыс істеуі маған жағымды әсер қалдырды. Қазіргі сәтте нәтиже аса жақсы болмауы мүмкін, бірақ бұл біз үшін ең ол маңыздысы емес. Ең бастысы - ойыншыларды дамыту».
Сонымен қатар, Дариуш Пасиека әлемдік ойыншыларды мысалға ала отырып пікірімен бөлісті:
«Шығыс Еуропа елдерінде бапкерлер ең алдымен физикалық тұрғыдан мықты ойыншыларды таңдайтынын білемін. Бірақ меніңше, бұл дұрыс жол емес. Бізге ойыншылар қажет. Әлемде көптеген мысалдар бар. Соның бірі – Лука Модрич. Ол жасөспірімдер құрамасында ойнамаған, себебі бойы кішкентай болған. Бірақ бүгінде ол 40 жаста болса да, әлі де жоғары деңгейде ойнап жүр. Ол ұлттық құрамада да, «Реал Мадридте» де, қазір Италияда да өте жоғары деңгей көрсетті.
Сондықтан бойы аса ұзын емес, бірақ футболға деген жүрегі бар, позитивті менталитеті және жақсы техникасы бар ойыншыларды ұмытпауымыз керек. Олар міндетті түрде дамиды. Біз оларға футбол ойнауға мүмкіндік беруіміз керек», – деді ол.
ҚФФ FIFA Talent Development Scheme бағдарламасы аясындағы FIFA-мен ынтымақтастық Қазақстандағы жасөспірімдер футболын дамыту жөніндегі жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі болып табылатынын атап өтеді. ҚФФ академиясы жас футболшыларды даярлаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруды жалғастырып, техникалық дамуға, заманауи оқыту әдістемесіне және ұлттық құрамаларға ойыншы дайындауға басымдық беріп келеді.
Мұндай халықаралық сарапшылардың сапарлары жас футболшылардың дайындық деңгейін бағалауға ғана емес, сонымен қатар жаттығу процесіне әлемдік озық тәжірибелерді енгізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде бапкерлер жұмысының сапасын арттырып, таланттарды дамыту жүйесінің тиімділігін күшейтеді.
ҚФФ ұзақ мерзімді ойыншыларды дамыту, бәсекелі орта қалыптастыру және болашақта халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, ұлттық құраманың намысын қорғайтын футболшылар даярлау басты басымдықтардың бірі болып қала беретінін атап өтті.
Айта кетейік, FIFA Talent Development Scheme бағдарламасы талантты ойыншыларды дамытуға, тәжірибе алмасуға, заманауи оқыту әдістерін енгізуге және жаттықтырушыларды халықаралық деңгейде қолдау арқылы жас футболшыларды даярлау сапасын арттыруға бағытталған.