Астанада тұңғыш рет тәжірибелі ойыншыларға арналған UEFA «C&B» курсы басталады
Жобаны ҚФФ Техникалық орталығы УЕФА-ның бапкерлерді оқыту жөніндегі конвенциясының талаптарына сай, бапкерлік білім беру жүйесін дамыту аясында ұйымдастырып отыр. Бағдарлама бапкерлік қызметтегі жолын жаңадан бастаған, үлкен кәсіби тәжірибесі бар ойыншыларға арналған. Курстың басты міндеті – қатысушыларға футболшы рөлінен заманауи бапкер рөліне сәтті ауысуға көмектесу, сондай-ақ жаттығу үдерісін ұйымдастыру, ойыншыларды үйрету және команданы басқару саласындағы негізгі құзыреттерді қалыптастыру болып табылады.
Курстың философиясы УЕФА-ның заманауи қағидаларына негізделген, мұнда ойыншы оқыту процесінің орталығында болады, ал оқытудың өзі тікелей ойын жағдайлары арқылы құрылады. Бағдарлама шешім қабылдау дағдысын дамытуға, нағыз футбол ортасында білім алуға және заманауи бапкерлік ойлау жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Алғашқы модуль аясында қатысушылар курстың философиясы, құрылымы мен талаптарын, заманауи бапкердің профилін, футбол техникасын үйрету әдістемесін, шағын топтардағы техникалық-тактикалық іс-қимылдарды, сондай-ақ жаттығу сабақтарын жоспарлауды зерттейді. Модуль бағдарламасына теориялық сабақтар, алаңдағы практикалық жұмыстар, микро-топтардағы өзара іс-қимыл, жаттығу сабақтарының таныстырылымы және рефлексия кіреді.
UEFA «C&B» курсының іске қосылуы – отандық бапкерлік білім беру жүйесін дамытудағы және бұрынғы ойыншылардың футболдағы кәсіби қызметін бапкер ретінде жаңа сапада жалғастыруына жол ашатын маңызды қадам.
Жаңа білім беру бағдарламасының алғашқы тыңдаушыларының қатарына елімізге белгілі отандық ойыншылар енді. Олар: Бағдат Қайыров, Стас Покатилов, Әлібек Бөлешев, Андрей Шабанов, Владимир Плотников, Марат Шахметов, Сергей Малый, Тимур Досмағамбетов, Никита Калмыков, Нұрлан Дайыров, Айдос Тәттібаев, Сергей Гридин, Артур Шушеначев, Темірлан Ерланов, Игорь Трофимец, Арман Кеңесов, Серікжан Мужиков, Әділхан Таңжарықов, Георгий Захаренко, Михаил Габышев, Бауыржан Исламхан, Әлішер Тәжібайұлы және Дәурен Қайраллиев.