Елордада Walking Football Challenge «Астана Аңыздары» турнирі өтті
Жарысқа 45 жастан асқан ойыншылардан құралған сегіз команда қатысты. ҚФФ ұйымдастырып отырған бұл турнир биыл төртінші рет өткізіліп, футбол сүйер қауым арасында танымалдыққа ие.
Walking Football Challenge – салауатты өмір салтын насихаттауға, денсаулықты нығайтуға және дене белсенділігін арттыруға бағытталған әлеуметтік жоба. Жүрмелі футбол форматы адамдарға жасына қарамастан сүйікті спортпен айналысып, сергек өмір салтын ұстанып, өзара қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді.
Турнир қорытындысы бойынша «Батыр» клубы жеңімпаз атанды. Екінші орынды «Жұлдыз» командасы иеленсе, үздік үштікті «Әлім» ұжымы түйіндеді.
Сондай-ақ жарыс соңында үздік ойыншылар жеке номинациялар бойынша марапатталды:
Үздік қақпашы – Бауыржан Байдалин («Әлім»)
Үздік қорғаушы – Шадияр Тұрғанбаев («Армандас»)
Үздік жартылай қорғаушы – Асхат Қуандықов («Жұлдыз»)
Турнирдің үздік ойыншысы – Асан Жаханов («Батыр»)
Жүрмелі футболдың басты ерекшелігі – ойыншыларға жүгіруге тыйым салынады. Ереже бұзылған жағдайда қарсылас командаға айып добы белгіленеді. Сонымен қатар баспен ойнауға болмайды және доп екі метрден жоғары көтерілмеуі тиіс. Ойыншыларға айып алаңына кіруге де рұқсат етілмейді. Мұндай форматта дәл пас, тактикалық сауаттылық пен командалық үйлесім негізгі рөл атқарады.
Биыл жүрмелі футбол турнирі Қазақстанның бірнеше қаласында ұйымдастырылады. Атап айтқанда, жарыстар 7 маусымда Қарағандыда, 14 маусымда Көкшетауда және 28 маусымда Алматыда өтеді.