УЕФА Ұлттар лигасы мен ЕУРО іріктеу кезеңінің жаңа форматын бекітті
2028/29 жылғы маусымнан бастап УЕФА Ұлттар лигасы төрт лигадан тұратын, әрқайсысында 18 командадан болатын үш лига форматына көшеді. Әр лига алты қомандадан құралған үш топқа бөлінеді. Топтық кезең аясында командалар бес түрлі қарсыласпен алты матч өткізеді. Құрамалар әртүрлі себеттердегі командалармен өз алаңында немесе қонақта бір кездесуден, сондай-ақ өз себетіндегі қарсыласпен өз алаңында және қонақта екі матч өткізеді. Турнирге 55 ұлттық құрама қатысатынын ескерсек, С лигасы жеті командадан тұратын бір топты қамтиды, бұл топтың матчтары халықаралық үзіліс мерзімінен бір кезең ерте басталады. Ширек финалдар, төрт команда қатысатын финалдық турнир және лигаларда жоғарылау мен төмендеу үшін өтетін плей-офф матчтары сақталады.
Өзгерістер Еуропа іріктеу кезеңінде де болмақ. Жаңа формат көпдеңгейлі болады: 1-лига Ұлттар лигасының А және В лигаларындағы 36 командадан, ал 2-лига қалған 18 немесе 19 командадан құралады. 1-лигада үш себеттен 12 командадан тұратын үш топ құрылады. Әр құрама алты түрлі қарсыласқа қарсы (әр себеттен екі командадан) өз алаңында немесе қонақта алты матч өткізеді. Бұл қағида УЕФА-ның клубтық турнирлерінің форматына ұқсас болады. Финалдық кезеңге автоматты түрде жолдама алған қожайын елдердің құрамалары да іріктеуге қатысады. Бұл олардың Ұлттар лигасының келесі маусымындағы орнын анықтау үшін қажет. 1-лиганың әр тобындағы үздік командалар финалдық кезеңге тікелей жолдама алады. Қалған орындар плей-офф жүйесі арқылы үлестіріліп, бұл 2-лига командаларына іріктеуден өтуге қосымша мүмкіндік береді.
УЕФА президенті Александер Чефериннің айтуынша, жаңа форматтар бәсекелестікті арттыруға, турнирлік маңызы жоқ матчтарды азайтуға және жанкүйерлердің қызығушылығын арттыруға бағытталған. Бұл ретте өзгерістер халықаралық күнтізбеге жаңа үзілістерді қосуды қарастырмайды.
Сондай-ақ, УЕФА Атқарушы комитеті стадиондардағы тұрып көретін орындарға қатысты Бақылау бағдарламасын 2026/27 жылғы маусымға дейін ұзартуды мақұлдады. Бағдарламаға қатысып үлгерген қауымдастықтар тұрып көретін орындарды УЕФА-ның барлық турнирлерінде, соның ішінде клубтық жарыстардың іріктеу кезеңдерінде пайдалана алады.
Бұдан бөлек, отырыста УЕФА-ның бірқатар регламенттері бекітілді, оның ішінде 2026-28 жылдардағы ерлер арасындағы Еуропа чемпионаты, УЕФА Суперкубогы-2026, футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасы-2026/27, клубтарды лицензиялау және қаржылық тұрақтылық, тәртіптік жарғы, ұйымдастырушылық регламент және басқа да бағыттар бойынша құжаттар бар.
Таяу айларда жаңа форматтардың тұжырымдамасы толық пысықталады. Нақтыланған формат 2026 жылдың 15 қыркүйегінде Салоники (Грекия) қаласында өтетін УЕФА Атқарушы комитетінің келесі отырысында біржола бекітуге ұсынылады деп жоспарлануда.