Ержан Мұсабеков ҚФФ кәсіби клубтар арасында жарыстар өткізу дирекциясының басшысы болып тағайындалды

Ержан Мұсабеков ҚФФ кәсіби клубтар арасында жарыстар өткізу дирекциясының басшысы болып тағайындалды

19 мамыр 2026, 16:43
Қазақстан футбол федерациясы Ержан Мұсабековтің кәсіби клубтар арасында жарыстар өткізу дирекциясының жетекшісі лауазымына тағайындалғанын хабарлайды.

Бұл шешім Скотт Манн Қазақстанға келгеннен кейін қабылданған алғашқы кадрлық шешімдердің бірі. Тағайындау ҚФФ-ның қазіргі басшылығымен өткен талқылау қорытындысында жүзеге асырылды.

Ержан Мұсабеков Қазақстан футболындағы 20 жылдық еңбек жолында қатардағы сарапшыдан бастап, негізгі департамент басшысына дейінгі өсу жолынан өтті. Бұл оның Дирекция алдында тұрған маңызды міндеттерді сапалы орындауға толық дайын екенін айқындайды.

Ержан Мұсабеков 1997 жылы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын тәмамдаған. 1998-2005 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Статистика агенттігінде қызмет етті.

Ол Қазақстан футбол федерациясындағы қызметін 2005 жылы бастады. Жеті жыл бойы ҚФФ Футбол клубтарын лицензиялау департаментінің инфрақұрылымдық және спорттық критерийлер жөніндегі сарапшысы лауазымын атқарды.

Ержан Мұсабеков 2013-2015 жылдары ҚФФ-ның Өңірлік федерациялармен жұмыс бөлімінде еңбек етсе, 2016 жылы Алматы қаласы Орталық стадионының спорттық-бұқаралық жұмыс бөлімін басқарды.

2017 жылдан бастап осы тағайындауға дейін ҚФФ Футбол клубтарын лицензиялау департаментіне жетекшілік етіп, отандық командалардың УЕФА және ФИФА-ның халықаралық стандарттарына сәйкестік мәселелерін үйлестірді.

Қазақстан футбол федерациясы осы күнге дейін Дирекция жетекшісі лауазымын атқарған Бақытжан Пазылхайырға жемісті еңбегі үшін алғыс білдіреді.

Бөлісу
Жоғары