ҚФФ өкілдері Польшадағы UEFA Share білім беру семинарына қатысты

ҚФФ өкілдері Польшадағы UEFA Share білім беру семинарына қатысты

18 мамыр 2026, 15:00
2026 жылғы 11-15 мамыр аралығында Польшаның Гданьск қаласында UEFA Share бағдарламасы аясында «Бапкерлерді оқыту – қосымша кәсіби даму» тақырыбындағы білім беру семинары өтті.

Іс-шараға УЕФА-ға мүше 12 ұлттық қауымдастықтың өкілдері қатысты. Олардың қатарында Әзербайжан, Кипр, Англия, Фарер аралдары, Исландия, Қазақстан, Латвия, Нидерланд, Румыния, Шотландия, Словения, Испания және Швейцария бар.

Семинар жұмысына УЕФА нұсқаушысы ретінде Қазақстан футбол федерациясының техникалық директоры Геннадий Скуртул қатысты. Ол UEFA Share бағдарламасының сарапшылар тобының мүшесі болып саналады.

Қазақстан атынан семинарға ҚФФ-ның бапкерлерді оқыту бөлімінің жетекшісі Станислав Погорелов та қатысты.

Семинар бағдарламасы бапкерлер мен нұсқаушылардың үздіксіз білім алу жүйесін дамытуға, халықаралық тәжірибе алмасуға, заманауи оқыту модельдерін енгізуге және ұлттық қауымдастықтардағы кәсіби даму мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.

Жиын барысында қатысушылар бапкерлерге арналған қосымша білім беру жүйесін құру, оқытудағы цифрлық платформаларды пайдалану, мамандар даярлаудағы құзыреттілік тәсілі және УЕФА ұлттық қауымдастықтары арасындағы үздік тәжірибелермен бөлісу мәселелерін талқылады.

Семинар аясында ҚФФ өкілдері Қазақстандағы бапкерлерді оқыту жүйесінің дамуы туралы да тәжірибе алмасты. Оның ішінде жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу, EASY COACH цифрлық платформасын дамыту, біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру және УЕФА конвенциясы талаптарына сай заманауи оқыту тәсілдерін енгізу мәселелері қамтылды.

ҚФФ-ның бапкерлерді оқыту бөлімінің жетекшісі Станислав Погорелов мұндай халықаралық білім беру жобаларына қатысу еуропалық қауымдастықтардың үздік тәжірибесін зерделеуге және Қазақстандағы жүйені бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Біз үшін халықаралық кәсіби қауымдастықтың бір бөлігі болу, тәжірибе алмасу және бапкерлерді оқыту саласындағы қазіргі сын-қатерлерді бірге талқылау өте маңызды. Қазіргі таңда қосымша кәсіби даму бапкерлерді даярлау жүйесінің негізгі бағыттарының біріне айналып отыр. UEFA Share семинары ұлттық қауымдастықтардың әртүрлі жұмыс модельдерін көруге, жаңа идеялар алуға және үздік шешімдерді Қазақстан жағдайына бейімдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар біз үшін ҚФФ-ның бапкерлерді оқыту жүйесіндегі дамуын халықаралық деңгейде көрсету де маңызды», – деді Станислав Погорелов.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары