Кәсіби футбол клубтарының басшыларымен өткен жұмыс кездесуі туралы
Кездесуге Қазақстан футбол федерациясы бас хатшысының міндетін атқарушы Александр Кеплин, Кәсіби клубтар арасындағы жарыстарды өткізу дирекциясының жетекшісі Бақытжан Пазылхайыр және төрешілік, қадағалау және VAR дамыту департаментінің директоры Нуну Алешандре Паррейра де Каштру, сондай-ақ хатқа қол қойған клубтардың басшылары қатысты.
Жиын барысында әр клубқа өз ұстанымын толық жеткізуге мүмкіндік берілді. Барлық клуб өкілі бұл хатты ультиматум ретінде қарастырмайтынын және Федерация басшылығына кадрлық мәселелер бойынша қандай да бір талап қоймайтынын айтты. Клуб басшыларының басым бөлігі бұл хат Федерациямен ішкі коммуникация орнату үшін жазылғанын және ашық кәсіби диалогқа мүдделі екенін жеткізді.
ҚФФ төрешілік, қадағалау және VAR дамыту департаментінің директоры Нуну Алешандре Паррейра де Каштру клубтарға департаменттің жұмыс жүйесін таныстырды. Атап айтқанда, төрешілердің жұмысын бағалау тәртібі, УЕФА стандарттары бойынша фитнес-тесттер, ойын ережелеріне қатысты тесттер мен видеотесттер, инспекторлардың жұмысы, сондай-ақ төрешілерді оқыту және сертификаттау тәсілдері туралы ақпарат берілді. Федерация қолданатын барлық стандарт пен құралдар УЕФА талаптарына толық сәйкес келетіні және Еуропаның жетекші футбол федерацияларында пайдаланылатыны айтылды.
Кездесу қорытындысы бойынша Федерация төмендегі бағыттар бойынша жұмысты жалғастыруды ұсынып, тараптар бұл бастамаларды қолдады:
Клубтың сұранысы бойынша төрешілік департаментінің директоры әр клубпен жеке жұмыс кездесулерін өткізіп, нақты ойын эпизодтарын Hawk-Eye жүйесі арқылы УЕФА материалдарымен салыстыра отырып талдайды;
Әр турдан кейін төрешілер шешімдеріне, оның ішінде қателіктерге қатысты тұрақты видеоанализ жариялау жалғасады;
Клуб басшылары мен Федерацияның профильді департаменттері арасында тек төрешілікке емес, коммерциялық регламент, инфрақұрылымдық бағдарламалар және кәсіби футболды дамытуға қатысты басқа да мәселелерді қамтитын тұрақты жұмыс кездесулері қайта басталады;
Федерация клубтар ұсынған кез келген нақты эпизодты белгіленген тәртіппен жұмыс диалогы аясында қарастыруға ашық екенін растады.
Федерация төрешілік департаменті директорына қатысты кадрлық өзгерісті қарастырмайды. Қазақстан футбол федерациясы қазіргі басшылыққа сенім білдіре отырып, төрешілік реформасын қолдауды жалғастырады. Бұл реформа төрешілік сапасын арттыруға, ашықтықты күшейтуге және төрешілер жұмысының барлық процесін УЕФА стандарттарына сәйкестендіруге бағытталған.
Қазақстан футбол федерациясы клубтармен кәсіби диалогты дамытуға мүдделі екенін тағы бір мәрте атап өтеді. Федерация клубтарды отандық футболды дамытудың негізгі серіктестері ретінде қарастырады. Сонымен қатар, чемпионат сапасын, оның коммерциялық тартымдылығын әрі жанкүйерлер сенімін арттыру бағытындағы ортақ жұмысты басты басымдықтардың бірі деп санайды.