Футболдан Премьер-лиганың 10-тур матчтарындағы жекелеген ойын эпизодтарына түсіндірме
«Ордабасы» - «Жетісу»
90+3-минутта айып алаңындағы эпизод қарастырылады. Доп қапталдан айып алаңына әуелете жеткізілген сәтте шабуылшы допқа ойнау үшін жоғары секіреді. Ал қорғаушы допқа ұмтылмай, оң қолын созып, қарсыласының мойын тұсына тиеді.
Бұл эпизодта қорғаушының әрекеті қарсыласын айқын бұғаттау ретінде бағаланады. Сондықтан төреші дұрыс шешім қабылдап, пенальти белгіледі.
Қорытынды: пенальти дұрыс тағайындалды.
«Қызылжар» - «Алтай»
50-минутта айып алаңындағы тағы бір тартысты сәт талданады. Қорғаушы мен шабуылшы допқа таласқа түседі. VAR жүйесінің төменгі оң жақ мониторындағы қайталауда қорғаушының алдымен доппен ойнағаны және аяғымен қарсыласына қарай қосымша қимыл жасамағаны анық көрінеді.
Керісінше, шабуылшы қозғалыс кезінде қорғаушының аяғын өзі басып кетеді. Төреші эпизодты монитордан қайта қарап, дұрыс шешім қабылдады.
Қорытынды: VAR қаралымынан кейін қабылданған шешім дұрыс.
«Қайсар» - «Тобыл»
59-минутта айып алаңындағы тағы бір жағдай қарастырылады. Бұрыштама добы ойынға енгізілер алдында қорғаушы шабуылшыны бұғаттауға тырысып, оның іш тұсына соққы жасайды. Қайталаудан бұл әрекеттің шамадан тыс күшпен жасалмағаны көрінеді.
Эпизод доп ойынға енгізілмей тұрып болғандықтан, пенальти немесе айып добы тағайындалмайды. Алайда қорғаушының әрекеті тәртіптік тұрғыда бағалануы керек еді.
Қорытынды: пенальти тағайындалмайды, бірақ ойыншыға сары қағаз көрсетілуі тиіс еді.