Астанада «Былғары доп» ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңі аяқталды
Жарыс 16-21 мамыр аралығында Футбол үйінде өтті. Турнирге еліміздің барлық облыстары мен мегаполистеріндегі өңірлік іріктеу кезеңдерінде жеңіске жеткен 17 үздік мектеп командасы қатысты. Жас спортшылардың жалпы саны 200-ден асты.
Финалда Алматы қаласының №31 мектебі мен Тараз қаласының №12 мектебінің футболшылары кездесті. Шешуші матч алматылықтардың 3:0 есебімен сенімді жеңісімен аяқталды.
Турнир қорытындысы:
1-орын: №31 жалпы білім беретін мектеп (Алматы қ.)
2-орын: №12 жалпы білім беретін мектеп (Тараз қ., Жамбыл облысы)
3-орын: Тайыр Жароков атындағы орта мектеп (Батыс Қазақстан облысы)
Турнирде үздік ойын көрсеткендер бірқатар номинациямен марапатталды:
«Үздік қақпашы» – Шерхан Медетұлы (Жамбыл облысы)
«Үздік қорғаушы» – Әлихан Тұяқ (Батыс Қазақстан облысы)
«Үздік жартылай қорғаушы» – Байтұрсын Серіков (Маңғыстау облысы)
«Үздік сұрмерген» – Ердос Балтабай (Алматы қ.)
«Турнирдің үздік ойыншысы» – Омар Жұмабек (Алматы қ.)
«Үздік бапкер» – Дастан Әбдірешев (Батыс Қазақстан облысы)
Турнирдің салтанатты жабылу және жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Бауыржан Исламхан қатысты. Ол да кезінде үлкен футболдағы жолын осындай мектеп жарыстарынан бастаған:
«Кезінде мұндай тамаша жағдай болған жоқ, бүгінгі ұйымдастыру деңгейіне қарап, шын жүректен тамсанып тұрмын. Мұндай жарыстарды өткізу бүкіл Қазақстан футболының дамуына үлкен үлес қосады. Елімізде «Былғары доп» сияқты ауқымды турнирлер неғұрлым көп болса, болашақта еліміздің намысын қорғайтын шебер ойыншылар соғұрлым көп шығады», – деп атап өтті Исламхан.
Астанадағы турнирде Бауыржан Исламхан көп жылдар бұрын мектеп деңгейіндегі алғашқы жеңістеріне жетелеген бапкері Айдын Шекеевті жолықтырды. Маман турнирге өзінің жаңа тәрбиеленушілерімен келіп, естеліктерімен бөлісті:
«Бұл турнирдің тарихы 2006 жылдан бастау алады. Ол кезде бұл жобаның алғашқы қадамдары болатын. Міне, 20 жылдан кейін жарыс осындай жоғары деңгейге көтерілді. Бауыржан Исламхан сол турнирдің ең алғашқы жеңімпаздарының бірі болды, оны сол матчтарға өзім апарғанмын. Бүгін біздің Жамбыл облысының командасы екінші орын алып, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Осы жарыстан қазақтың мықты-мықты футболшылары шығады деген үміттемін», – деп түйіндеді Айдын Шекеев.