Астанада UEFA A Elite Youth курсының алғашқы модулі аяқталды

Астанада UEFA A Elite Youth курсының алғашқы модулі аяқталды

22 мамыр 2026, 15:32
19-22 мамыр аралығында Астанада UEFA A Elite Youth курсының алғашқы модулі өтті. Бағдарлама ҚФФ-ның бапкерлерді оқыту жүйесін жетілдіру жоспарына және УЕФА стандарттарына сәйкес әзірленген.

UEFA A Elite Youth курсы элиталық жасөспірімдер футболы саласында қызмет ететін бапкерлерді даярлауға бағытталған. Бағдарлама мамандардың қазіргі замандағы футбол талаптарын ескере отырып, жас ойыншыларды дайындаудағы кәсіби құзыреттілігін арттыруға көмектеседі.

Алғашқы модуль барысында тыңдаушылар бапкерлік білім берудің философиясы мен құрылымын, жаттығу үдерісін талдауды, шабуылдау әрекеттерін құру мен дамытуды, сондай-ақ жарыс кезеңінде жаттығу процесін басқаруды зерттеді.

Модуль бағдарламасы теория сабақтарын, жаттығу сессияларын талдауды, тыңдаушылардың практикалық жұмыстарын, шағын топтардағы сабақтарды, таныстырылымдарды және практикалық тапсырмаларды талқылауды қамтыды. Сонымен қатар қатысушылар курс тәлімгерлерінің модульаралық бақылауында болады.

Курста элиталық жасөспірімдер футболында ойын және жаттығу модельдерін біріктіруге, халықаралық тәжірибе мен player-centered approach (ойыншыға бағытталған тәсіл) принциптеріне ерекше назар аударылды.

Алғашқы модуль аяқталғаннан кейін тыңдаушылар модульаралық жұмыс пен практикалық тапсырмаларды орындау аясында оқуын жалғастырады.

UEFA A Elite Youth курсы – ҚФФ-ның бапкерлік білім беру жүйесін стратегиялық дамыту бағытының бір бөлігі. Бағдарлама Қазақстанның академияларында, кәсіби клубтары мен жасөспірімдер құрамаларында қызмет ететін мамандарды даярлау сапасын арттыруға бағытталған.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары