Астанада тәжірибелі ойыншыларға арналған UEFA «C&B» курсының алғашқы модулі аяқталды

Астанада тәжірибелі ойыншыларға арналған UEFA «C&B» курсының алғашқы модулі аяқталды

31 мамыр 2026, 12:38
Астанада тәжірибесі мол футболшыларға арналған UEFA «C&B» курсының алғашқы модулі өз мәресіне жетті. Бұл – Қазақстан футбол федерациясы бұрынғы және қазіргі кәсіби футболшылар үшін арнайы әзірлеген жаңа білім беру бағдарламасы.

Курс жарыс тәжірибесі мол, бапкерлік қызметке қадам басқан ойыншыларға арналған. Бағдарламаның негізгі мақсаты – қатысушыларға ойыншыдан заманауи бапкер рөліне өтуді жеңілдетіп, жаттығу үдерісін ұйымдастыру, футболшыларды дамыту және команданы басқару бойынша негізгі білім беру.

Курстың философиясы УЕФА-ның заманауи қағидаттарына негізделген. Мұнда футболшы оқу үдерісінің басты назарында болады, ал оқыту ойын жағдайлары арқылы жүзеге асырылады. Бұл тәсіл болашақ бапкерлерге шешім қабылдау қабілетін жетілдіруге, шынайы футбол ортасында жұмыс істеуге және заманауи бапкерлік көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Алғашқы модуль аясында тыңдаушылар курстың философиясымен, құрылымымен және талаптарымен танысты. Сондай-ақ заманауи бапкердің бейнесі, футбол техникасын үйрету әдістемесі, шағын топтардағы техникалық-тактикалық өзара әрекет, жаттығу сабақтарын жоспарлау мәселелері қарастырылды.

Бағдарлама теориялық сабақтарды, алаңдағы тәжірибелік жұмыстарды, шағын топтардағы тапсырмаларды, жаттығу сабақтарының таныстырылымдарын және рефлексия сессияларын қамтыды.

UEFA «C&B» курсының тыңдаушысы Владимир Плотников алған әсерімен бөлісті:

«Курста өте қызықты спикерлер дәріс оқиды. Біз үшін көптеген жаңа дүниелер бар. Сонымен қатар әлі де үйренетін нәрсе көп екенін түсініп жатырмыз. Бұл жолдың басында ғана тұрмыз, алда талай қызықты кезең күтіп тұр.

Жалпы әсерім өте жақсы. Ақпарат көп, қазір соның бәрін саралап, тәжірибеде қолдануды үйренуіміз керек. Алғашқы әсерім өте жағымды – бәрі ұнады. Оқу үдерісінің жалғасқанын қалаймыз. Осындай білім алуға мүмкіндік жасалғанына қуаныштымын».

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары