ҚФФ мен EasyCoach футболды цифрландыру бағытындағы ауқымды серіктестік орнатты
Ынтымақтастық аясында Қазақстанда ұлттық құрамалардың жұмысын, бапкерлерді даярлау жүйесін және ішкі жарыстарды басқару үдерісін біріктіретін бірыңғай цифрлық инфрақұрылым қалыптастырылады.
EasyCoach платформасын енгізу – федерация жұмысының негізгі бағыттарын бірнеше арнайы модуль арқылы автоматтандыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, EasyCoach National Teams құралы ерлер және әйелдер ұлттық құрамаларының барлық жас деңгейіндегі менеджментіне арналған. Бұл жүйе ойыншыларды шақыру, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру және селекциялық жұмыстарды үйлестіруге көмектеседі.
Қазақстан бойынша бапкерлерді сертификаттау және лицензиялау бағдарламаларын кеңейту мақсатында EasyCoach Coach Education цифрлық білім беру платформасы іске қосылады. Ол бірыңғай әдістемеге қолжетімділік пен онлайн аттестациядан өту мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар елдегі барлық бапкерлер туралы мәліметтер, оның ішінде лицензия санаттары мен жеке профильдері EasyCoach Hub орталықтандырылған деректер базасында жинақталады.
Ал ішкі жарыстарды кешенді басқару міндетін EasyCoach Competition Management модулі атқарады. Бұл жүйе федерация мен клубтарды тіркеу, жарыстарды ұйымдастыру және статистиканы жүргізу үдерістері арқылы өзара байланыстырады.
Бұдан бөлек, платформаның бірыңғай экожүйесіне ҚФФ академиясы мен «Болашақ чемпиондары» жобасы аясындағы серіктес клубтар да енеді. Жоба U-12 және U-14 жас санаттарындағы футболшыларды даярлайтын өңірлік орталықтарды біріктіреді. Платформа сондай-ақ ел аумағындағы барлық жас деңгейіндегі дарынды ойыншыларды анықтау, бақылау және іріктеуге арналған скаутинг жүйесі қызметін атқарады.
Жаңа цифрлық экожүйені енгізудің стратегиялық маңызы туралы пікір білдірген ҚФФ техникалық директоры Геннадий Скуртул отандық футболды дамытудағы барлық ішкі үдерістерді біріктірудің маңызды екенін атап өтті:
«Біздің мақсатымыз – Қазақстанда футболды дамытудың біртұтас жүйесін қалыптастыру. Мұнда ұлттық құрамалар, бапкерлерді оқыту, ойыншыларды дамыту және жарыстарды басқару заманауи бір платформада біріктіріледі.
EasyCoach бөлімдер арасындағы үйлесімді арттыруға, операциялық стандарттарды жақсартуға және Қазақстандағы ерлер мен әйелдер футболының ұзақмерзімді дамуына қолдау көрсетуге көмектеседі. Бұл серіктестік тек технология ғана емес, тұрақты дамуға қажетті инфрақұрылым мен жұмыс тәсілдерін қалыптастырудағы маңызды қадам».
Өз кезегінде EasyCoach компаниясының бас директоры Габби Барзилай мұндай технологиялық негіз отандық футболдың халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді:
«Біз Қазақстан футбол федерациясының технологиялық жаңғыруына қолдау көрсетуге қуаныштымыз. Федерация білім беру, жаттығу процесі, жарыстарды басқару және жұмыс әдістемесін бір жүйеге біріктіру арқылы еуропалық футболдағы тұрақты бәсекеге қабілеттіліктің негізін қалыптастырып жатыр. Осындай ауқымды жобада серіктес болғанымызды мақтан тұтамыз және сенім үшін алғыс айтамыз».
ҚФФ техникалық орталығының жетекшісі Станислав Погорелов жаңа платформаның қазақстандық бапкерлердің білімін жетілдіру ісін едәуір жеңілдететінін айтты:
«Қазіргі таңда заманауи бапкерлік білім беру жүйесін цифрлық құралдарсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан EasyCoach тек оқыту платформасы ғана емес, Қазақстандағы лицензияланған барлық бапкерлер мен ҚФФ-ның бапкерлерді даярлау жүйесінің бірыңғай цифрлық базасына айналады.
Платформаның үздіксіз білім беру жүйесін қалыптастыруға көмектесетіні өте маңызды. Бүгінде оқу тек офлайн модульдермен шектелмейді. Модульдер арасындағы кезеңде бапкерлер EasyCoach арқылы матчтарды талдап, практикалық тапсырмалар орындайды, өз жұмысына талдау жасап, нұсқаушылармен байланыста болады.
Сонымен қатар бұл жүйе Қазақстан секілді аумағы үлкен мемлекет үшін ерекше маңызды. Себебі ол бапкерлерді даярлау жүйесін бірыңғай цифрлық кеңістікке біріктіріп, өңірлер үшін оқуды анағұрлым қолжетімді етеді.
Қысқаша айтқанда, EasyCoach – жай ғана білім беру платформасы емес, ҚФФ-ның бапкерлерді даярлау жүйесін басқаруға арналған заманауи цифрлық құрал әрі бірыңғай деректер базасы».
Бүгінде EasyCoach бағдарламалық шешімдерін әлем бойынша 150-ден астам футбол қауымдастықтары мен клубтары пайдаланады. Олардың қатарында Италия футбол федерациясы, Хорватия футбол одағы және Испанияның «Вильярреал» клубы бар.