Салман Чапанов: «Еуролиганың промо-финалына жоғары көңіл-күймен барамыз»

Салман Чапанов: «Еуролиганың промо-финалына жоғары көңіл-күймен барамыз»

25 шілде 2018, 13:26
Өткен аптада жағажай футболынан Қазақстан құрамасы Мәскеуде  өткен Еуролига ойындарының «В» дивизионының үшінші тобында бірінші орынға ие болды. Біздің құраманың ойыншысы Салман Чапанов Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында жарыстан алған әсерімен бөлісті:

- Жарыстан жақсы көңіл-күймен қайттық. Мәскеуде өткізген үш ойынның (Литва, Грекия және Молдова құрамалары - ҚФФ) барлығында жеңіске жеттік. Өз тобымыздан бірінші орынмен шықтық. Енді жоспар бойынша промо-финалға дайындаламыз. Италияға да жоғары көңіл-күймен барамыз.

- Үш кездесудің ішінде ең қиын ойын қайсысы болды?

- Молдова құрамасымен өткен матч қиынға түсті. Өте жақсы ойын болды. Ойын бойы бір доп алда тұрдық. Ал, қарсылас үнемі таразы басын теңестіріп отырды. Кездесу қорытындысы бойынша 7:6 есебімен жеңіске жеттік.

- Біздің құраманың промо-финалды жеңуге мүмкіндіктері бар ма?

- Мүмкіндік әрқашан бар. Біздің құрама ұйымшыл. Ел намысын абыроймен қорғау үшін алаңға шығамыз. Қазақстан футбол федерациясы, Бұқаралық футбол департаментінің басшысы Ерлан Жамантаев, команда жаттықтырушысы Болат Әленов. Осылардың барлығына алғыс айтамын. Әрқайсысы жеңіске өздерінің үлестерін қосты. Сонымен қатар, «ПНХЗ» ЖШС жетекшілігіне де алғысымыз шексіз. Құраманың ойыншыларының негізгі жұмысы бар. Мен Павлодар мұнай-химия зауытында еңбек етемін. Кәсіпорын құрама мен «Арман» жағажай футбол клубының жарыстарына үнемі жібереді.

Бөлісу
Жоғары