Ерлан Жамантаев: «Еуролиганың кезекті кезеңіне мұқият дайындаламыз»
- Ерлан Айтбайұлы, топтық кезеңнің ойындары қалай өтті?
- Төртінші жыл қатарынан топтық кезеңнің ойындары Мәскеуде өтті. Қазақстан құрамасы Молдова, Грекия және Литва құрамаларымен бір топта ойнады. Молдова құрамасының деңгейі бізбен бірдей. Осы жылы молдовалық футболшыларды жеңе алдық. Грекия өткен жылы «А» дивизионында ойнады. Сол себепті топтың көшбасшыларының қатарында болды. Алайда, шабуылды ұмытпай, қорғаныста сенімді ойнау арқылы жеңіске жеттік. Сол жеңістен кейін топтан шығатынымыз белгілі болды. Литва құрамасы турнирге алғаш рет қатысып отыр. Соңғы кездесуде тәжірибенің молдығы үшінші жеңіске қол жеткізуге ықпал етті. Қазақстан құрамасының ойыншыларының 80 пайызы павлодарлық «Арман» клубынан жасақталған. Жақында «Арман» халықаралық турнирге қатысып, Еуролига алдынжа дайындықтарын пысықтаған еді.
- Бірінші орын алу үшін қандай қиындықтарға тап болдыңыздар?
- Екі ойыншы жарысқа жарақатымен келді. Футболшылар қиындық мен ауыртпашылыққа қарамастан алға ұмтылды. Команданың ұйымшылдығына әсер етті. Футболшылардың қалпына келтіру шараларын жақсы атқарған команданың дәрігері де үлкен үлес қосты.
- Келесі кезеңде Қазақстан құрамасын қандай ойындар күтеді?
- Промо-финал қыркүйек айында Италияда өтеді. Келесі кезеңге Қазақстаннан бөлек, Румыния, Норвегия, Болгария және Молдова құрамалары жолдама алды. Қалған үміткерлер кейін белгілі болады. Барлығы 8 команда қатысады. Тәжірибе жинап, «А» дизионына өту арман. Ол жақта Испания, Ресей және т.б. үздік құрамалар ойнайды. «В» дивизионында топ жарған команда келесі жылы Беларусь астанасы Минскіде өтетін Еуропа Чемпионатына қатысады. Халықаралық жарыстарға жиі қатысу арқылы өсуге болады. Еуролиганың кезекті кезеңіне мұқият дайындаламыз. Біздің ойыншыларға қолдау көрсеткен Мәскеуде тұратын қазақ диаспорасына үлкен алғыс білдіремін. Олардың барлық ойында қолдау көрсеткені көңілге қуаныш ұялатады.