Қазақстан футбол федерациясы e-Euro 2021 додасының іріктеу жарысы ұйымдастырылатынын хабарлайды

Қазақстан футбол федерациясы e-Euro 2021 додасының іріктеу жарысы ұйымдастырылатынын хабарлайды

16 ақпан 2021, 15:19
2021 жылдың 20-21 ақпан күндері Sony PlayStation 4 платформасында онлайн-іріктеу ойындары өтетін болады.

Қазақстан футбол федерациясы Qazaq Cybersport Federation және KONAMI компаниясымен бірлесіп UEFA e-EURO 2021 додасының eFootball PES 2021 нұсқасы бойынша аймақтық іріктеу жарысын бастайтынын мәлімдейді. Бұл серіктестік еліміздегі киберфутболдың дамуына зор серпін беретіні анық. Сонымен қатар, бұл жоба ұлттық құрамалардың футбол жанкүйерлерімен байланысының нығаюына да алып келетіні бесенеден белгілі. 

Бұл жарыс осымен екінші мәрте өткелі отыр. Өткен жылы e-EURO додасы Лондонда ұйымдастырылып, күллі әлем жанкүйерлерінің көңілінен шықты. Жүлде қоры 100 мың еуроны құрап, оның 40 мыңы жарыс жеңімпазы Италия құрамасына бұйырды. Соның арқасы болар, киберфутболдың жарнамасы жер жаһанды жайлап кетті. 

Іріктеу кезеңі аяқталғаннан кейін Қазақстан ұлттық құрамасы жасақталады. Сосын құрама командамыз UEFA e-EURO 2021 додасының топтық кезеңіне қатысады. Онда отандастарымыз Германия, Болгария, Польша және Латвия секілді командалармен күш сынасады. Егер сәттілік жолдас болып, командамыз финалдық кезеңге жолдама алса онда Еуропаның үздік 16 командасы қатысатын финалдық кезеңге шығады. Шешуші ойындар 2021 жылдың 9-10 шілде күндері Лондонда өтеді. Жүлде қоры биыл да 100 мың еуроны құрайды. 

Қазақстан Республикасының 16 жасқа толған әрбір азаматының аймақтық іріктеуге қатысып, құрама сапына алынуға мүмкіндігі бар. Қатысушылар саны шектеусіз. 

Тіркеліп, іріктеуге қатысыңыздар! 
 

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары