ҚФФ әйелдер футболы комитетінің жиыны өтті

ҚФФ әйелдер футболы комитетінің жиыны өтті

02 ақпан 2021, 21:30
Форумның мақсаты биылғы жарыстарды ұйымдастыру және өткізу болды.

On-Line форматында ұйымдастырылған жиынға әйелдер арасында ресми турнирлерді өткізуге жауапты мамандар қатысты.

Әйелдер футболы комитетінің басшысы және ҚФФ Атқару комитетінің мүшесі Бауыржан Әбдубайытов, ҚФФ бұқаралық, жасөспірімдер және әйелдер футболы департаментінің директоры Ерлан Жамантаев, оның орынбасары Серік Сәрсембеков пен бас маман Константин Давлеткильдеев қатысты.

Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Калоян Петков, «Оқжетпес» (Көкшетау) қыздар футбол клубының аға жаттықтырушысы Бегайым Қырғызбаева, «Қызыл-Жар» ФК (Петропавл қ.) спорт директоры Федор Симиниди, «Қызылорда» қыздар клубының басшысы Берік Сансызбаев, «Жас Қыран» ФК (Алматы) директоры Александр Кузнецов және осы футбол орталығының әйелдер командасының бас жаттықтырушысы Наталья Иванова, «Томирис» (Түркістан облысы) әйелдер командасының бас бапкері Жандос Сарманов және Ақтөбе қаласының №2 спорт мектебінің жаттықтырушысы Сәкен Наукенов те жиынға қатысты.

Күн тәртібіне сәйкес, сарапшылар ең алдымен әйелдер арасында өткен маусымда өткізілген жарыстар туралы пікір алмасып, әрі қарай биылғы негізгі турнирлерді өткізу жоспарларын қарастырды.

«Жаңа маусымда бірқатар ұлттық чемпионаттар ұйымдастырылады. Ең алдымен, қыздар арасындағы кәсіби чемпионаттар мен кубоктар, сондай-ақ әр түрлі жас санаттарындағы жасөспірімдер командаларының жарыстары туралы айтып отырмыз. Қыздар командаларының басқа да турнирлерге қатысу мүмкіндігі қарастырылуда. Ұйымдастыру жұмыстары санитариялық-эпидемиологиялық жағдайға және құзырлы мемлекеттік органдардың бұйрықтарына байланысты болады. Қазіргі уақытта күнтізбе мен турнир формуласының бірнеше нұсқасын қарастырып жатырмыз», - дейді ҚФФ бұқаралық, жасөспірімдер және әйелдер футболы департаментінің директоры Ерлан Жамантаев.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары