Хорватияда қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастық туралы келіссөздер өтті
Күн тәртібінде екі қауымдастық арасындағы өзара ынтымақтастық тұрды, оның ішінде балалар және жасөспірімдер футболын дамыту мәселесі қаралды.
Бір айта кетерлігі, бұл күндері Сплит қаласында халықаралық «Dalmatinko Cup» балалар және жасөспірімдер турнирі өтті. Аталған жарыста Қазақстанның «Тұран-2011», «Каспий-2012», «Астана-2011», «Атырау-2011» және «Astana Junior» жекеменшік командасы бақ сынады.
«Dalmatinko Cup» жарысының тарихы тереңде жатыр. 2019 жылы сол кездегі Маңғыстау облысы әкімі, қазіргі Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қолдауымен осындай ауқымды турнирге алғаш рет «Каспийдің» балалар командасы қатысты. Кейіннен «Dalmatinko Cup» жарысына қатысатын Қазақстан командаларының қатары көбейе түсті.
Турнирдің ұйымдастырушысы – бұрынғы хорват футболшысы, футбол меценаты Ивица Пирич. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жас ойыншылар түрлі футбол іс-шараларына қатысады. Ұйымдастырушылар балалардың жаттығу жасауына, уақытты қызық өткізуіне, шеберлігін шыңдап, көңіл-күйін көтеруге барлық жағдайды қарастырған.
Биыл 8-14 жас аралығындағы балалар арасында жарыстар өтті. Қазақстанның әр өңірінен 120-дан астам бала қатысты.
Біздің жас футболшыларымыз Венгрия, Босния және Герцеговина, Черногория, Албания, Хорватия, Канада, Аустралия және басқа елдерден келген құрдастарымен күш сынасты. Барлығы жарысқа 20-дан аса елдің балалары қатысты.
Халықаралық жарыста қазақстандық футболшылар шеберлігін шыңдаса, жаттықтырушылар шетелдік әріпестерімен тәжірибе алмасады. Сондай-ақ матчтарда Хорватия футбол одағы лицензиялаған төрешілер қызмет етеді.
Сонымен қатар, балалар Адриат теңізі, Сплит қаласы мен танымал «Хайдук» клубының стадионына экскурсия жасады.
Екі қауымдастықтың басшылары балалар және жасөспірімдер футболы саласында бірлесе жұмыс атқару, «Dalmatinko Cup» жарысына қатысатын Қазақстан командаларының санын арттыру мәселесін талқылады.
- Жас футболшылар үшін жоғары деңгейдегі турнир мен жағдай жасалған. Балаларымыз шетелге шығып, осындай халықаралық ірі жарыстарға қатысуына мүмкіндігі бары - тамаша. Ералы Лұқпанұлына бұған дейін атқарып кеткен жұмысы үшін рахметімді айтамын. Футболмен шұғылданатын балаларды көбірек осындай қызық ірі пайдалы ойын практикасымен қамтамасыз ету керек. Мұндай тәжірибе біздің балалар және жасөспірімдер футболын дамыту стратегиясында маңызды болары сөзсіз. Осының арқасында біздің құрама командаларға көбірее футболшы дайындап, ойын сапасын жаңа деңгейге көтере аламыз. Халықаралық жарыстарға қатысудың маңызын жеткізу үшін өңірлердегі өкілдер, клубтармен бірқатар кеңес беру кездесулерін өткізу қажет болар, - деп атап өтті Әділет Барменқұлов.