Карина Жұмабайқызы: «Біздің құрама бұрын Қарағандыда жеңіске жеткен»
– Өте жылдам ойын болды. Екінші нөмірмен ойнау қиынға соқты. Словенияның қысым көрсететінін жақсы түсініп, жоғары деңгейде ойнауға тырыстық. Кей жерлерде концентрация жетіспей, өзіміздің жіберген қателіктерден кейін гол өткізіп алдық.
– Алғаш рет капитандық белгімен алаңға шықтың. Ойын алдында толқымадың ба?
– Әрине, алғаш рет болғандықтан аздап толқу болды. Мен үшін үлкен абырой. Жаттықтырушылар штабына сенім артқаны үшін алғыс білдіремін. Жасыл алаңда қыздарға көмек беруге тырыстым.
– Осы ойында төрт ойыншы ұлттық құрамадағы алғашқы матчын өткізді: Қазына Норбаева, Әсел Орынбай, Маргарита Талдыкина және Нұрсұлу Балжан. Олардың ойынына қандай баға бересің?
– Олар өз мүмкіндіктерін күтті. Ұлттық құрамада ойнау – үлкен абырой. Жас қыздар жасыл алаңда бас бапкердің тапсырмасын толықтай атқарып шықты деп айтуға болады.
– Қарағандыда Эстониямен өтетін ойыннан не күтесің?
– Матч менің туған қаламда өтеді. Міндетті түрде жеңіске жету керек. Біздің құрама бұрын Қарағандыда жеңіске жеткен болатын. 2012 жылы Швейцария құрамасын (1:0) ұтты. Мен сол ойынды стадионнан жанкүйер ретінде тамашаладым. Міне, араға 10 жыл салып тағы ойнайды. Жанкүйерлерге қуаныш сыйлап, оң нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенемін.