Футзалдан Қазақстан құрамасының Черногорияға қарсы құрамы

Футзалдан Қазақстан құрамасының Черногорияға қарсы құрамы

06 қараша 2022, 19:25
Матч Алматыда өтеді.

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Рикардо Кака 2024 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Черногориямен өтетін кездесуге шақырылған ойыншылардың тізімін жариялады.

Үш жарым жылдан астам уақыттан кейін үлкен футзал Алматыға қайта оралады. Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы Әлем чемпионатының біліктілігі шеңберінде Черногория құрамасына қарсы матч өткізеді. Командалар бір ай бұрын Черногория астанасы - Подгорицада кездесіп, Кака шәкірттері 5:1 есебімен жеңіске жетті. Алдағы матчта жеңіске жету біздің құраманың келесі - элиталық раундқа шығуына кепілдік береді. Осы ойыннан кейін Қазақстан құрамасы келесі жылдың көктемінде – 2023 жылдың 8 наурызында өтетін Словения құрамасына қарсы қонақ алаңда соңғы матчын өткізеді. 

Тізімге 15 ойыншы енді. Қазақстан ұлттық құрамасына алғаш рет 17 жастағы «Ақтөбе» шабуылшысы Батырхан Кенжеғали шақырту алды. Біраз уақыттан кейін «Аяттан» Әбдірасұл Әбдіманапұлы және «Рахметтен» Нұрабек Қабылбаев қайта шақырылды. Әртүрлі себептермен Тайнан, Евгений Кошкин, Ақжол Дәрібай, Лео, Ринат Төреғазин және Серік Мәжитов құрамда жоқ.

Футзалдан Қазақстан құрамасының тізімі:

Қақпашылар: Игита («Қайрат»), Нұрәлем Байдулла («Рахмет»)

Алаңдағы ойыншылар: Дуглас, Дәурен Нұрғожин, Шыңғыс Есенаманов, Дәурен Тұрсағұлов, Альберт Ақбалықов, Эдсон, Біржан Оразов (барлығы – «Қайрат»), Азат Валиуллин, Әбдірасул Әбдіманапұлы (екеуі де - «Аят»), Арнольд Кнауб, Райымбек Жұма (екеуі де – «Каспий»), Батырхан Кенжеғали («Ақтөбе»), Нұрабек Қабылбаев («Рахмет»).

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы әлем чемпионатының іріктеу циклі аясында 9 қараша күні футзалдан Қазақстан құрамасы Черногория құрамасын қабылдайды. Матч Алматыда, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. Кездесудің басталуы сағат 20:00-де.

Билеттерді zakazbiletov.kz сайтынан сатып алуға болады. Бағасы 1000-нан 3500 теңгеге дейін.

Бөлісу
Жоғары