Бауыржан Сағындық: «Ойын моделін анықтауымыз қажет»

Бауыржан Сағындық: «Ойын моделін анықтауымыз қажет»

18 ақпан 2024, 09:00
Қазақстан U-17 жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Бауыржан Сағындық Талғардағы оқу-жаттығу жиынын қорытындылап, Минскте (Беларусь) өтетін «Даму кубогы» турнирі жайлы айтты.

- «Даму Кубогы» жарысына дайындық қалай өтіп жатыр?
- Дайындық кезеңіне 25 футболшы шақырылды. Бұл турнирдің негізгі мақсаты – халықаралық деңгейдегі жарыста ойыншыларды бақылау. 

- Команда тізгінін ұстап, алғашқы жаттығу жиынын өткіздіңіз. Қандай баға бересіз?
- Оқу-жаттығу жиынына толық көңілім толады. Футболшылармен жеке танысып, Қазақстан құрамасының ойын мәнері мен талаптарын түсіндірдік. Жоспарлаған дүниемізді толыққанды іске асырдық. Бізді күтіп алып, жағдайымызды жасап, жаттығу жиынын жоғары деңгейде өткізуге көмектестен базамыздың әрбір қызметкеріне алғысымды айтқым келеді. 

- Сіз жасөспірімдер құрамасының тізгінін жақында ғана ұстадыңыз. Қазір команда ішіндегі атмосфера қалай?
- Жасөспірімдер құрамасындағы ойыншылардың дені «Қайрат» футбол клубының шәкірттерінен тұрады. Бұл академияда еліміздің әр аймағынан үздік футболшылар жиналған. Оларға бар жағдай жасалған. Десе де бұл басқа командалардан футболшы шақырмаймыз дегенді білдірмейді. «Даму Кубогы» жарысынан кейін республикалық «Жастар» турниріне барып қайтсам деймін. Өйткені ол жақта барлық футбол орталығы мен академия ойыншылары бақ сынайды. Сол кезде үздіктерін іріктеп аламыз. Осы орайда, маған сенім артып, жасөспірімдер құрамасымен жұмыс істеуге мүмкіндік берген Қазақстан футбол федерациясының басшылығына алғысымды айтқым келеді. 

- Былтыр біздің құрама «Даму Кубогында» күміс жүлдегер атанды. Биыл кем дегенде осы нәтижені қайталай аламыз ба?
- Былтырғы жетістіктен кем нәтиже көрсетпеуге тырысамыз. Десе де, жарысқа қатысудағы мақсатымыз балардың халықаралық жарыста тәжірибе жинауы. Олардың ойын барысындағы өзара байланысын жақсартып, болашақта жұмыс істеу керек қажетті аспектілерді анықтағымыз келеді. 

- Биылғы маусымға жоспар қандай?
- Іріктеу кезеңіне дайындық барысында бес оқу-жаттығу жиыны жоспарланған. Негізі мақсат — ұлттық құрамалар аясында ойыншылардың дамуы және 17 жасқа дейінгі Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығу. Бастысы ойын моделін анықтау, сондай-ақ іріктеу матчтары қарсаңында белсенді түрде селекциялық жұмыс атқару. Бұған қоса 2008 жылы туған футболшылар командалар мен ойыншылардың ойын белсенділігін сараптайтын заманауи технологиялар қолданылатын QJ League жарысына қатысады. Бұл сапалы селекциялық жұмыс істеуге әсерін береді.

Бөлісу
Жоғары