ALAÑ жобасы: Петропавлда жаңа футбол алаңы ашылды
Салтанатты ашылуға СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов және өзге де серіктестер қатысты. Сонымен қатар іс-шараға жобаның амбассадоры – ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов пен еліміздегі аңыз футболшы Самат Смақов арнайы барды. Олар жас футболшылармен ашық жаттығу өткізіп, қолтаңба берді.
«СҚО-да футболдың дамуына үлкен көңіл бөлінеді. Бүгін ALAÑ жобасы аясында облыс орталығында заманауи футбол стадионы қолданысқа берілді. Сіздерді айтулы оқиғамен құттықтай отырып, Әділет Назарбайұлына алғысымды білдіремін. Осы футбол алаңы және Республикамыздағы өзге де іс-шаралар жас ұрпақтың болашағына, спортымыздың дамуына тікелей әсер етпек», - деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Айта кетейік, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан футбол федерациясы елімізде футбол алаңдарын қайта жаңартатын ALAÑ бағдарламасын енгізді. Үш жылға арналған бағдарлама УЕФА-ның қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның басты мақсаты - футбол инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау.
«Біз бірінші кезекте балаларымызға көңіл аударуымыз қажет. Себебі, футбол алдымен сол жерден басталады. Сондықтан да осындай бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз. Оның үстіне мемлекет басшысы республикамыздың барлық өңірінде стадион салу жайында тапсырма берді. Қазір мемлекет пен бизнес өкілдері футболға да назарын аударып жатыр. Осы күндері елімізде 1 250 000 бала футболмен айналысады. Біз бұл көрсеткішті кем дегенде 2 есеге өсірсек дейміз. Бұқаралық пен кәсіби футбол толық бір бағытта ұйымдастырылғаны жөн. Сол кезде ғана біз үлкен футболда нәтижеге қол жеткізе аламыз», - деп ҚФФ президенті Әділет Бәрменқүлов пікірін білдірді.
Жаңартылу жұмыстары бірнеше аптаға жалғасып, төсеніш арнайы Италиядан әкелінді. Мамандардың айтуынша, алаңның сапасы еуропалық талаптарға сай келіп, кәсіби футбол клубтары да турнир өткізе алады. Жалпы ALAÑ жобасы бойынша республикамыздағы 20 футбол алаңын жаңарту жоспарда бар. Бұған дейін елімізде Ақтөбе, Алматы, Шымкент қалалалары мен Жетісу облысындағы алаңдар қолданысқа берілген болатын.