ALAŇ жобасы аясында салынған жаңа алаңдарда 30-ға жуық турнир өтті
2023 жылы Қазақстан футбол федерациясы елімізде футбол алаңдарын қайта жаңартатын «ALAÑ» бағдарламасын енгізді. Жоба мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асуда. Үш жылға арналған бағдарламаны УЕФА қолдайды. Негізгі мақсат - футбол инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау.
Қазіргі сәтте Республикамыздың 10 өңірінде халықаралық талапқа сәйкес өңделген алаң қолданысқа берілді. Алматы қаласындағы «ЦСКА» стадионында 15 турнир өтіп, 4 мыңдай қатысушыны қамтыса, Ақтөбе қаласындағы №2 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде 8 турнир ұйымдастырылып, 4052 қатысушы болды. Сондай-ақ, Балпық би ауылындағы Батыржан Оңғаров атындағы жаңа стадионда үш дода өтіп, мыңға жуық қатысушы тіркелді.
«ALAŇ жобасының арқасында жас футболшыларымыздың деңгейі өседі деп сенемін. Бапкер ретінде біз де өз үлесімізді қосамыз. Біздің балаларымыздың арасынан да Самат Смақов, Криштиану Роналду, Лионель Месси секілді таланттар өсіп шығатынына сенімдімін», - деп футбол бапкері Ержан Асқаров Балқаш қаласындағы «Металлург» өңделген стадионының ашылу салтанатында ойымен бөлісті.
ALAŇ жобасы арқылы салынған алаңдарда жергілікті футбол орталықтарының тәрбиеленушілері жаттығуын жалғастыруда. Жақында ғана төсеніштің сапасын кәсіби футболшылар да тексерістен өткізді. «Алтай», «Түркістан», «Ұлытау» және SD Family клубтары QFL Бірінші лигасындағы ресми ойындарын өткізді.
«Келесі аптада Қазақстанның тағы 3 өңірі УЕФА талабына сай жаңа алаңды қабылдап алады. Футбол мерекесі Қызылорда, Атбасар, Саран қалаларында жалғасады. Бізге бұқаралық футболды дамыту өте маңызды. Сондықтан барлық жағдайды жасауға тырысамыз», - деді Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов.
Айта кетейік, құрылыс барысы және жоба жайлы толығырақ ALAÑ-ның YouTube арнасынан көре аласыздар. Ол жерде жобаның күнделігі шығып тұрады. Кезекті жаңа шығарылым Балқаш қаласындағы «Металлург» стадионы алаңының ашылуына арналған.