Геннадий Скуртул ҚФФ техникалық директоры болып тағайындалды

Геннадий Скуртул ҚФФ техникалық директоры болып тағайындалды

18 сәуір 2025, 15:01
53 жастағы молдовалық маман Геннадий Скуртул Қазақстан футбол федерациясының техникалық директоры болып тағайындалды.

Қазақстан футбол федерациясында Геннадий Скуртул балалар-жасөспірімдер, әйелдер және бұқаралық футболды, сондай-ақ Қазақстанның жасөспірімдер құрамаларын қадағалайды.

Техникалық директордың басты міндеттерінің бірі – ҚФФ академиясы базасындағы жобалар мен элиталық жасөспірімдер футболын дамыту және жан-жақты қолдау көрсету.

Сондай-ақ, УЕФА-ның 2025 жылғы Бапкерлер конвенциясына сай бапкерлерге, нұсқаушылар мен мамандарға арналған білім беру бағдарламаларын әзірлеп, оны жүзеге асыру да негізгі басымдықтардың қатарында. Барлық жас ерекшеліктері бойынша талантты ойыншыларды анықтап, дайындайтын тұрақты жүйе қалыптастыру маңызды бағыттың бірі болмақ.

Ұлттық құрамалар бапкерлерінің біліктілігін арттыру мен әдістемелік жағынан қолдауға, сондай-ақ заманауи материалдар мен халықаралық тәжірибеге қолжетімділікті қамтамасыз етуге ерекше мән беріледі.

Бұл ретте әйелдер футболын дамыту, оның құрылымдық негізін күшейту жұмыстары қатар жүргізіледі. Бұған қоса, бұқаралық футболды үйлестіру де назардан тыс қалмайды – әсіресе түрлі жас және әлеуметтік топтарға бейімделген жарыс форматтарын ұсынып, барынша көп адамды тарту көзделген.

Сонымен қатар, Техникалық директор барлық техникалық бағдарламалардың FIFA мен UEFA стандарттарына сай орындалуына жауапты болады.

Геннадий Скуртул футболшы мансабында Молдованың жасөспірімдер құрамасында, «Нистру», «Зимбру» және «Тигина» клубтарында ойнаған. 1998 жылдан 2005 жылға дейін Молдова футбол федерациясында төреші және инспектор қызметін атқарған.

Кишиневтегі Ұлттық дене шынықтыру және спорт университетін «Футбол жаттықтырушысы және дене шынықтыру пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша бітірген. 2001-2003 жылдары осы университеттің футбол кафедрасында оқытушы әрі команда жаттықтырушысы болып жұмыс істеген.

2003 жылы Молдова футбол федерациясында жасөспірімдер футболы бөлімінің басшысы болып тағайындалды. Кейін жасөспірімдер ұлттық құрамаларының үйлестірушісі қызметін атқарған.

2006-2008 жылдары Молдова футбол федерациясында клубтарды лицензиялау бөлімінде жаттықтырушыларды оқыту жөніндегі директордың орынбасары, бұқаралық футбол жөніндегі менеджер және спорттық критерийлер бойынша сарапшы болып жұмыс істеген.

2009-2017 жылдар аралығында Молдова футбол федерациясының техникалық директоры қызметін атқарды.

Сондай-ақ 2012 жылдан бері УЕФА-да техникалық нұсқаушы, УЕФА-ның жаттықтырушыларды оқыту жөніндегі комиссиясының мүшесі және бұқаралық футбол бойынша кеңесші болып жұмыс істейді.

2017-2025 жылдар аралығында Грузия футбол федерациясында техникалық кеңесші қызметін атқарған.

2018-2020 жылдары Геннадий Скуртул Қазақстан футбол федерациясының техникалық орталығында кеңесші болып жұмыс істеп, отандық футболдың дамуына елеулі үлес қосты.

2019-2020 жылдары ФИФА-ның техникалық сарапшысы болды.

Геннадий Скуртулдың жаттықтырушыларды оқыту және футболды техникалық дамыту саласында тәжірибе мол. Ол Молдова мен Грузия футбол федерацияларында жаттықтырушыларды оқыту жүйесін, нақтырақ айтқанда «С» санатынан бастап УЕФА-ның Жаттықтырушылар конвенциясына толық мүшелікке енгізуге дейін жұмыс істеді. Сонымен қатар, осы жүйеге арналған барлық білім беру бағдарламаларын дайындады.

«Ашық ойын мектептері» жобасының үйлестірушісі болып, 2008 жылы Еуропада бұқаралық футбол саласындағы үздік жобасы номинациясын жеңіп алды. Оның жетекшілігімен Молдова футбол федерациясы УЕФА бұқаралық футбол хартиясы бойынша ең жоғары мәртебеге ие болды.

2013-2018 жылдар аралығында Геннадий Скуртул УЕФА-ның 17 және 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамалары арасындағы финалдық турнирлерінде техникалық бақылаушы болды. Ал 2015, 2016, 2017 және 2018 жылдары Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы матчтарында да осы қызметті атқарды. 2015, 2020 және 2025 жылдары УЕФА Жаттықтырушылар конвенциясын қайта қарау жөніндегі жұмыс тобының құрамына енді. Сондай-ақ УЕФА-ның «Coach Educator Development» бағдарламасы бойынша жұмыс тобының мүшесі.

2014 жылдан бері УЕФА-ның бұқаралық футбол, жаттықтырушыларды оқыту және техникалық даму мәселелері бойынша кеңесшісі. Осы бағытта Болгария, Словакия, Румыния, Ресей, Беларусь, Сербия, Латвия, Литва, Грузия, Черногория, Армения, Нидерланд, Ирландия және Шотландия футбол қауымдастықтарына сараптамалық қолдау көрсетіп келеді.

Бұдан бөлек, ол УЕФА-ның техникалық даму жөніндегі жұмысына белсене араласып, УЕФА-ның маңызды конференцияларына нұсқаушы ретінде қатысады.

Бөлісу
Жоғары