Walking Football-дан «Астана аңыздары» турнирі өтті

Бұл жарыс Қазақстан футбол федерациясының тұрақты даму стратегиясы аясында ұйымдастырылып, қоғамның денсаулығы мен амандығына деген ұстанымымызды тағы бір дәлелдеді.
Walking Football – жай ғана футбол емес. Бұл – жасы үлкен жандардың белсенді өмір салтын ұстанып, денсаулығын жақсартып, спорт арқылы ортаға бейімделуіне мүмкіндік беретін ерекше формат. Біз үшін футбол – жасты таңдамайтын ойын!
Қазақстан футбол федерациясы Тұрақты даму департаментінің басшысы Артур Темірханов Walking Football-дың ерекшелігі мен маңызына тоқталып өтті.
«Қазақстан футбол федерациясы тұрақты даму стратегиясын іске асыруды жалғастырып жатыр. Бұл бастаманың басты бағыттарының бірі – әр жастағы азаматтардың денсаулығы мен амандығы. Биыл Walking Football турнирлері Астана, Алматы, Петропавл және Көкшетау қалаларында өтеді. Біз футбол ардагерлерін осы іс-шараларға белсенді қатысуға шақырамыз.
Бұл ойында буынға да, жүрекке де артық салмақ түсірілмейді. Бірақ соған қарамастан, адамдар командада ойнап, өзін ұжымның бір мүшесі ретінде сезінеді, араласады, өмірге серпін алады. Бұл – шынымен де қызық ойын. Қатысушыларымыздың пікіріне қарасақ, бұл футболдың елімізде болашағы зор», – деді Темерханов.
Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды IMRAN командасы иеленді. Олар ұйымшылдық пен нағыз командалық рух көрсетті. Naiza командасы күміс жүлдегер атанды – олар бұл жарысқа алғаш рет қатысса да, жақсы ойын өрнегін көрсетті. Ал үшінші орынды Әкелер кеңесі командасы жеңіп алып, тәжірибе мен нағыз ардагерлік мінез көрсетті.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін ҚФФ Бас хатшысы Давид Лория және футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері м.а. Әли Әлиев марапаттады.
Турнир қорытындысы бойынша үздік ойыншылар марапатталды:
Үздік қорғаушы - Бауыржан Қалдыбаев (ABYROI)
Үздік қақпашы - Данияр Жүнісов (Әкелер Кенесі)
Үздік шабуылшы - Әділбек Басекеев
Үздік сұрмерген- Жанат Еркібаев (Әлим)
Үздік ойыншысы - Әмір Абдрайымов (Найза)
2025 жылы Walking Football турнирі еліміздің бірнеше қаласында жалғасады: Астана, Алматы, Петропавл және Көкшетауда өтеді.