ҚФФ УЕФА-ның лицензиялау саласындағы тәжірибе алмасуға арналған халықаралық бағдарламасына қатысуда

УЕФА-ға мүше 53 қауымдастықтың ішінен бұл жобаға сарапшылардың жоғары бағасын алған 18 қауымдастық қосылды.
Бағдарлама аясында былтыр қазанда ҚФФ лицензиялау департаментінің қызметкерлері Әзербайжан футбол федерациялары қауымдастығына жұмыс сапарымен барып, лицензиялау үдерісінің ұйымдастырылуымен, бағалау тетіктерімен және енгізілген цифрлық шешімдермен танысты.
Биыл 3 маусымда елімізге УЕФА өкілі — ұлттық қауымдастықтарды лицензиялау бөлімі басшысының орынбасары Анна Полатовскаямен бірге Әзербайжан футбол федерациялары қауымдастығының делегациясы да жұмыс сапарымен келді. Астанада екі жұмыс кездесуі өтті, онда ҚФФ қызметкерлері әріптестеріне бірқатар негізгі жобасын таныстырды.
Олардың қатарында:
• Әйелдер футбол лигасы
• Qyzmet Cup турнирі
• Әуесқой командалар арасындағы Қазақстан чемпионаты
• ALAN бағдарламасы
Сапардың екінші бөлімінде делегация Алматы қаласына аттанып, Талғардағы ҚФФ ұлттық құрамаларының базасымен және «Қайрат» футбол клубының инфрақұрылымымен танысты.
Сапар 6 маусымда Almaty Management University-де білім беру және футбол қауымдастықтары өкілдерімен өтетін қорытынды кездесумен аяқталады.
УЕФА кураторы Анна Полатовскаяның айтуынша, Қазақстан футбол федерациясы лицензиялау саласында ашықтықты, жүйелілікті және тұрақты дамуды жоғары деңгейде көрсетуде.
Кездесу қорытындысында ҚФФ өкілдері 2025 жылдың 3 шілдесінде Ньон қаласындағы УЕФА штаб-пәтерінде өз жобаларын таныстыруға ресми шақырту алды.