Денис Мамонов: «Сенімді әрі батыл ойнай алатынымызды көрсеттік»

Денис Мамонов: «Сенімді әрі батыл ойнай алатынымызды көрсеттік»

09 қыркүйек 2025, 00:21
Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері Денис Мамонов Англияға қарсы (0:2) өткен Еуропа–2027 іріктеу ойынына қатысты пікір білдірді.

– Матч жайлы әсеріңіз қандай? Алғашқы эмоциясыңыз?

– Нәтижеден емес, екінші таймдағы ойынымыздан әсер алдым. Шабуылда ойнап, қысым жасап, допты бақылауда ұстадық. Жылдам шабуылдар ұйымдастыра алдық. Сол сәтте осындай мықты қарсыласқа да төтеп бере алатынымызды сезіндік. Бірінші таймда ағылшындар сергек көрініп, өз ойынын ойнады. Ал бізге олардың ойынына бейімделу ауыр болды. Соның салдарынан жоқ жерден гол жіберіп алдық. Бірақ бастысы – жігіттер өздеріне сеніп, кез келген қарсыласпен ойнай алатынын түсінді.

– Англия – Еуропа чемпионы. Соған қарамастан, екінші таймда біздің жігіттер лайықты ойын көрсетті. Матчқа дайындық пен нұсқаулардың орындалуын қалай бағалайсыз?

– Ағылшындардың жоспары жылдам гол соғып, есепте алға шығу еді. Соның арқасында ойынды бақылауда ұстады. Ал бізде шабуылда ойнау ғана қалды. Жалпы, ойын барысы біздің күткенімізге сай өтті. Бірақ ең бастысы – менталды тұрғыда өстік. Жігіттерге ойын бойы қорықпай, өз ойыныңды ойнаңдар деп айтып отырдым. Бірінші таймда-ақ жақсы шабуылдар болды. Ал екінші тайм бізге сенімді де батыл футбол ойнай алатынымызды көрсетті.

– Стадиондағы атмосфера қаншалықты әсер етті?

– Жанкүйерлердің қолдауы жақсы сезілді. Шын мәнінде нағыз футбол атмосферасы болды. Осындай толы стадионда сирек ойнаймыз. Бұл бізге қосымша күш берді. 13 мың жанкүйер алға жетелегенде, өздігінен шабуылға жүгіресің. Қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысымды айтамын.

Бөлісу
Жоғары