Жекеменшік футбол мектептері мен академияларының балалар-жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды

Жекеменшік футбол мектептері мен академияларының балалар-жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды

04 қараша 2025, 17:10
Астанада және Шымкентте Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен өткен жекеменшік футбол мектептері мен академияларының балалар-жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл турнир еліміздегі балалар-жасөспірімдер және бұқаралық футболды дамытудағы жылдың маңызды оқиғаларының бірі болды.

26 қазан мен 2 қараша аралығында Шымкенттегі «Биік» спорт кешені базасында 2008–2009, 2010 және 2015–2016 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы кездесулер өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша Шымкентте 2008–2009 жылғы жас санатында «08 Регион» командасы чемпион атанды, күміс жүлдені «Орда», ал қола медальді «Аякс» иеленді. 2010 жылғы ойыншылар арасында үздік нәтиже көрсеткен «El Clasico» командасы жеңімпаз атанса, екінші орынды «ShymCity», үшінші орынды «Көктем» командасы иеленді. 2015–2016 жылғы жас санатында «Olimpic» командасы чемпиондық атаққа ие болды, «Юниор» екінші орынға жайғасып, «Arlan» командасы үшінші орынды қанағат тұтты.

Астанада 2011, 2012 және 2013–2014 жылдары туған ойыншылар арасында финалдық матчтар өтті.

2011 жылғы жас санатында чемпион атанған – Шымкенттік «ShymCity» командасы.
Күміс жүлде алматылық «Қайрат-Меркурийге» бұйырды, ал қола жүлде тараздық «Жас Тараз» командасына табысталды.

2012 жылғы ойыншылар арасындағы жарыста атыраулық «Бейбарыс» командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Қарағандының «Скаут» командасы, үшінші орынды Жамбыл облысының «Сұңқар» командасы иеленді. Жеңімпаз команда ойыншысы Абылайхан Ахмет турнирдің үздік ойыншысы деп танылып, жарыстың серіктесі «Флагман» ұйымының білім сертификатымен марапатталды.

2013–2014 жылғы жас санатында алматылық «FFC» командасы чемпион атанып, екінші орынға Шығыс Қазақстан облысының «Forsage» командасы, ал үшінші орынға астаналық «Santos» командасы ие болды. Бұл жас санатындағы үздік ойыншы атағын «FFC» командасының ойыншысы Кемаль Сейфатов иеленіп, ол да «Флагман» ұйымының сертификатымен марапатталды.

Чемпионат жыл сайын Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен өткізіледі. Ол балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту, балаларды спортқа тарту және жас футболшыларды даярлаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылады.

Биылғы маусымда турнирге Қазақстанның барлық өңірінен 9 000-нан астам жас футболшы қатысып, бұл көрсеткіш аталған форматтағы жарыстар тарихында рекорд болып тіркелді.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары