Кирилл Кекер: «Элиталы раундқа шығу – ойыншылардың өзіне деген сенімін арттырды»

Кирилл Кекер: «Элиталы раундқа шығу – ойыншылардың өзіне деген сенімін арттырды»

23 қараша 2025, 15:24
19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының бас бапкері Кирилл Кекер ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында 2026 жылғы Еуропа чемпионатының негізгі іріктеу кезеңіндегі ойындарды қорытындылады.

– Қазақстан U-19 құрамасы тарихта алғаш рет элиталық раундқа жолдама алды. Нәтижеден кейінгі әсер қандай? Маңызы ше?

– Иә, расымен де, тарихта алғаш рет. Бұл – бүкіл команда үшін, әсіресе ойыншылар үшін менталитет жағынан да, өз күшіне сену жағынан да үлкен қадам. Жігіттердің қуанышын, матчтан кейінгі эмоциясын көргенде, бәрі дұрыс бағытта бара жатқанын түсінесің. Бірақ бір нәрсені ұмытпауымыз керек: біз ештеңе ұтқан жоқпыз, тек келесі кезеңге өттік. Жеке өзім үшін де жақсы тәжірибе болды. Клуб пен ұлттық құраманың жұмысы өте өзгеше, оған да бейімделу керек. Ең бастысы – енді біз мықты командалармен ойнауға мүмкіндік аламыз.

– Нидерландыдағы ойындардағы қарсыластардың деңгейі туралы не айта аласыз?

– Біріншіден, біз бұл топқа төртінші себеттен түстік. Бұл өзі-ақ қарсыластардың деңгейін көрсетеді. Әрине, топтың фавориті – Нидерланд, олар үш ойында да жеңіске жетіп, қандай команда екенін дәлелдеді. Бірақ өз ойыншыларымды ерекше атап өткім келеді. Олар алаңда өздерінің бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді. Өз ойынымызды көрсеттік, ешкімнен жасқанбай ойнадық.

– Элиталық раундқа қандай жоспарларыңыз бар? Мақсаттар айқындалды ма?

– Ең алдымен, жеребені асыға күтеміз. Қандай қарсыластар болатынын, ойын өтетін жерді білу маңызды. Ойларымыз жақсы, өйткені Еуропаның үздік жасөспірімдер құрамаларымен ойнау мүмкіндігі күнде келе бермейді. Наурыздағы FIFA күндеріне дейін жиын өткізу жоспарда бар. Ойыншылармен жиналып, мақсаттарды айқындаймыз, стратегияны талқылаймыз. Қалай болғанда да, алға тек жоғары мақсат қоямыз.

Бөлісу
Жоғары