Астанада студенттер арасындағы лига басталды
Студенттер лигасы бұқаралық студенттік спортты дамыту, студенттер қауымдастығын нығайту, университеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, студент-спортшылардың өзін-өзі танытуына жағдай жасау, оларды өңірлік және ірі жарыстарға дайындау, жоғары оқу орындарының оң имиджін қалыптастыру және спорттық дәстүрлерді насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Биылғы маусымға еліміздің жетекші университеттерінен 13 команда қатысып жатыр. Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Ғылым және жоғары білім министрлігі аппаратының басшысы Мадияр Қожахмет және Қазақстан футзал қауымдастығының президенті Нұрсұлтан Құрман қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз кезегінде Мадияр Қожахмет Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын оқып берді.
"Жастарымызға шын жүректен алғысымды білдіремін. Сіздер тек білім алып қоймай, спортты да қатар алып жүрсіздер. Сіздер – еліміздің бүгіні мен болашағы, үмітіміз бен шабыт көзісіздер. Елімізде студенттік спорт қарқынды дамып, әлемдік деңгейде тұрақты жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Құрметті қатысушылар! Бұл жарыстарда жеңілгендер болмайды. Әр спортшы алаңға шыққан сәттен бастап қорқынышын, күмәнін жеңген нағыз жеңімпаз. Әл мәреге жету – жаңа белестің басы ғана.Сіздерге сенімділік, төзімділік, әділ және жарқын жарыс, сәттілік және жеңістер тілеймін!", делінген құттықтау хатта.
Ойынның өту барысы Қазақстан футбол федерациясының YouTube арнасындағы ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілуде.
Qazaqstan Student League чемпионы 2026 жылы Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Аджман қаласында өтетін әлемдік деңгейдегі студенттік турнирге жолдама алып, Қазақстан намысын қорғайды.
Лиганың алғашқы күніндегі ойын нәтижелері келесідей:
Еуразия ұлттық университеті – Астана медициналық университеті – 19:0
Гол авторлары: Төкенов Тимур (7), Нұрмұхамбет Нұрсат (28), Елубаев Дамир (27), Мұстафин Батырхан (2, 13, 30, 33), Қалтанов Ахметәлі (5, 28, 38, 55), Ахманбеков Нариман (45, 80), Ахметов Арсен (42, 46, 61, 69, 76), Нышанбай Бейбіт (64, автогол)
Халықаралық бизнес университеті – Атырау мұнай және газ университеті – 0:1
Гол: Сембай Досәлі (15)
Нұр-Мүбарак университеті – Алматы гуманитарлық-экономикалық университеті – 1:3
Гол: Жұмабай Нұржан (23) – Қайнарбай Темірлан (4), Асылбек Айдын (40), Батырша Әділхан (53)
Сүлеймен Демирел атындағы университеті – Тұран университеті – 2:1
Гол авторлары: Таңат Еркеболат (10), Аманбаев Батыр (65) – Сайлаубеков Олжас (90+1)
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Aстана IT университеті – 4:3
Гол авторлары: Аханов Алдияр (12, 13, 33), Тұрғынбек Нұрислам (26) – Сергей Нұртілек (29, 69 пен.), Ходжашбердиев Равиль (68)