Астанада УЕФА «С» санатына бапкерлерді оқыту курсы өтті

Астанада УЕФА «С» санатына бапкерлерді оқыту курсы өтті

20 қараша 2025, 10:30
18-20 қарашада Астанада Қазақстан футбол федерациясының ұйымдастыруымен УЕФА-ның «С» санатына жаттықтырушыларды оқыту курсының кезекті модулі өтті. Оған еліміздің әр өңірінен жас әрі тәжірибесі бар бапкерлер қатысты.

Модульдің негізгі тақырыбы – кіші жас санатындағы футболшылардың координациясы мен моторикалық дағдыларын дамыту.

Қатысушылар үш күнде келесі бағыттар бойынша әдістемелік тәсілдерді меңгеріп, оны тәжірибе жүзінде пысықтады:

Жалпы және арнайы координацияны дамыту жаттығулары: кеңістікке икемделу, ритм мен тепе-теңдікті сақтау, реакция білдіру, синхронды қозғалыс;

Жас футболшыларды дайындауға қажетті негізгі техникалық элементтер: допты алып жүру, дриблинг пен финт жасау, допты қабылдау және беру, қақпаға әртүрлі тәсілмен соққы жасау.

Сабақтар теориялық және практикалық негізде өтті. Бұл тыңдаушыларға алған білімдерін бірден ойын алаңында қолдануға мүмкіндік береді. Курста балаларды оқытудағы жеке тәсілге, қолайлы орта қалыптастыруға және техникалық элементтерді дұрыс көрсетуге басымдық берілді.

Модульдің маңызды бөлімдерінің бірі балаларға арналған футбол фестивальдері мен жарыстарын ұйымдастыру әдістемесі болды. ҚФФ жетекшілері түрлі жас санатындағы балаларға арналған заманауи форматтарды таныстырып, олардың құрылымы, өткізу қағидалары және ұйымдастырушылық ерекшеліктері туралы ақпарат берді. Бұл форматтар балалардың футболға қызығушылығын арттыруға, ойын тәжірибесін көбейтуге және футболға деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға бағытталған.

Өткен модуль Қазақстандағы жаттықтырушылар білімін жетілдіру жүйесін дамыту жолындағы кезекті маңызды қадам болды.

УЕФА-ның «С» санатындағы лицензиялау курсы қазақстандық мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етіп, ҚФФ-ның 2025-2030 жылдарға арналған техникалық даму стратегиясының маңызды бөлігі саналады.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары