Көңіл айту
Кирилл Сергеевич саналы ғұмырын отандық футболды дамытуға және жас ойыншыларды тәрбиелеуге арнаған тәжірибелі де жоғарғы білікті маман болды. Ол ойынның қыр-сырын терең меңгерген, жасөспірімдермен жұмыс істей білетін, талапшыл әрі іскер бапкер ретінде талай футболшының мінезі мен кәсіби өсуіне ықпал етті.
Ол футболшы ретінде «Қызылжар», «Оқжетпес», «Сұңқар» және «Шығыс» командаларында қорғаушы болған.
Кирилл Сергеевич көп жыл бойы «Қайрат» футбол клубының құрылымында еңбек етіп, академияда жас футболшыларды дайындаумен айналысты. 2022–2024 жылдар аралығында алматылық клубтың негізгі командасын басқарды, сондай-ақ 2024 жылы «Ордабасы» футбол клубының бас бапкері болды. Бұған қоса, QJ League аясында «Қайрат» клубы командаларының үйлестірушісі қызметін атқарып, 2025 жылғы маусым қорытындысымен «Үздік басшы» деп танылды.
2025 жылы Кирилл Кекер Қазақстан U-19 жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы қызметіне тағайындалып, командамен бірге тарихи жетістікке жетті. Ол құраманы алғаш рет 2026 жылғы Еуропа чемпионатының элиталық іріктеу кезеңіне шығарды.
Кирилл Сергеевичтің қазасы еліміздегі барлық қазақстандық футбол қауымдастығы үшін ауыр жағдай. Оның кәсібилігі, жауапкершілігі және көпжылдық еңбек жолы отандық футболдың дамуына зор үлес қосты.
Қазақстан футбол федерациясы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Марқұмның жаны пейіште шалқысын!