Неапольдегі конференцияда ҚФФ-ның заң департаменті халықаралық ынтымақтастықты нығайтты
Қазақстан тарапынан ҚФФ Заң департаментінің директоры Бауыржан Тұрсынов пен жетекші заңгер Жанна Аманжолқызы қатысты.
Конференцияны Sports Law and Policy Centre (SLPC) Еуропаның жетекші құқықтық қауымдастықтарымен бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараға CAS арбитрлері, ұлттық федерациялардың өкілдері, университеттер мен ірі заң фирмаларынан мамандар қатысты. Олардың қатарында Италия, Швейцария, Бельгия, Германия және басқа да елдердің сарапшылары болды.
Ресми бағдарламаға сәйкес қатысушылар халықаралық спорттық құқықтағы өзекті мәселелерді талқылады. Әсіресе футболдағы реформалар, допингке қарсы күрестің жаңа тәсілдері, FIFA, Спорттық арбитраж соты (CAS) және Швейцария Жоғарғы сотының құқықтық тәжірибелеріндегі өзгерістер жайлы пікір алмасты.
Конференцияда осы саланың танымал мамандары сөз сөйледі. Олардың қатарында CAS арбитрлері, халықаралық деңгейдегі профессорлар мен заңгерлер: Массимо Кочча, Джеффри Бенз, Луиджи Фумагалли, Джакопо Тоньон, Рой Вермеер және басқа да беделді сарапшылар бар.