Евгений Свешников: «Біздің міндет – Қазақстан құрамаларына талантты жастардың тұрақты келуін қамтамасыз ететін жүйе құру»
– Биыл Қазақстан футбол федерациясында элиталық жасөспірімдер футболы бөлімі құрылды. Балалар мен жасөспірімдер футболын дамытудың жаңа бағыты туралы кеңінен айтып берсеңіз?
– Жаңа бөлімді құру – отандық футболды дамытуда уақытында құрылған жұмыс. Ол ҚФФ Техникалық департаментінің жалпы даму стратегиясына толық сәйкес келеді. Біздің бөліміміз негізгі элементтердің бірі саналады, себебі ол ұлттық құрамалардың болашақ ойыншыларының даярлық негізін қалыптастырады. Негізгі міндетіміз талантты жастардың Қазақстан құрамаларына тұрақты келуін қамтамасыз ететін заманауи, тұрақты және ашық жүйені құру. Біз таланттарды анықтау, скаутинг және элиталық жасөспірімдер футболы сынды үш бағытты қамтимыз. Бұл ойыншының футболдағы алғашқы қадамдарынан бастап ұлттық құрамаларға дейін дамуының біртұтас жолын құруға мүмкіндік береді.
– Скаутингке келсек, бұған дейін елімізде бұл жұмысты тек бірнеше клуб жүргізетін. ҚФФ аясында бұл жүйе қалай жұмыс істейді?
– Бұрын скаутинг іс-әрекеті жекелеген клубтардың бастамасына тәуелді болды. Қазір біз орталықтандырылған ұлттық жүйені құрамыз. Бірінші рет үш деңгейлі құрылым енгізіледі. Ол ұлттық скауттар, аймақтық өкілдер, жергілікті скауттар. Барлық маман біртұтас әдістемелер бойынша жұмыс істеп, деректерді ҚФФ-ның жалпы базасына енгізеді. Бұл барлық елді қамтуға және ойыншылардың дамуын үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді.
– ҚФФ Техникалық орталығы жаттықтырушылар мен мамандарды оқытады. Скауттарды оқыту жоспарда бар ма? FIFA мен UEFA осы бағытта қандай талап қояды?
– Иә, скауттарды оқыту жұмысымыздың маңызды бөлігі. Техникалық орталықпен бірлесіп скауттарды дайындаудың модульдік бағдарламасы іске қосылады. FIFA мен UEFA талаптары стандартталған тәсілге сүйенеді: нақты іріктеу әдістемесі, бағалау критерийлері және білікті мамандар. Біз бұл стандарттарды Қазақстанға бейімдеп, скауттарымыздың Talent ID халықаралық принциптері бойынша жұмыс істеуін қамтамасыз етеміз.
– Мұндай күрделі жүйені құру халықаралық тәжірибеге сүйенуді қажет етеді. ҚФФ басқа федерациялардың үлгісін қолдана ма?
– Әрине. Біз жетекші еуропалық ассоциациялардың тәжірибесін зерттейміз, FIFA Talent Development Scheme бағдарламасының материалдарын және UEFA әдістемелерін қолданамыз. Алайда мақсат – көшіру емес, Қазақстанның географиялық, инфрақұрылымдық және ұйымдастырушылық ерекшеліктерін ескеретін өз моделін жасау.
– Қазақстандық мамандарды оқыту үшін шетелдік мамандар шақырыла ма?
– Иә, біздің мамандар әлемдік тәжірибенің қандай екенін білуі үшін халықаралық сарапшылар қажет. Биыл FIFA-ның таланттарды анықтау бойынша жетекші мамандарының бірі Стивен Морроу (Ұлыбритания) бізге қосылды. 28 қарашадан 1 желтоқсанға дейін ол Астанада скауттарымызға арналған арнайы семинар өткізеді, онда Talent ID принциптері, FIFA TDS халықаралық талаптары және қабілетті ойыншыларды анықтаудың үздік әдістемелері қарастырылады.
– Сіздер құрып жатқан скаутинг желісі қандай көлемде болады? Бұл орталықтандырылған ба, әлде аймақтар бойынша бөлінген бе?
– Аралас, яғни басқару және әдістеме желісі ортақ, ал іске асыру аймақтық болады. Біз аймақтық өкілдерді қалыптастырамыз, олар жергілікті скауттарды қадағалайды. Осылайша Қазақстанның әр аймағы қамтылады, ал барлық дерек ҚФФ-ның біртұтас жүйесіне жинақталады.
– Талантты ойыншыларды қандай критерий бойынша анықтайсыздар? Скауттар ең алдымен нені ескереді?
– Кешенді тәсіл қолданылады. Әр жас санаты бойынша ойыншының жас ерекшелігі бойынша профилі, әр блокта нақты бақылау көрсеткіштері (техника, тактика, физикалық, психологиялық, менталитет және даму әлеуеті), бағалау шкаласы мен стандарттар, скауттар мен жаттықтырушылар үшін біртұтас есеп формалары және деректерді интерпретациялау принциптері. Бұл іріктеу процесін аймақтық скауттардан бастап ұлттық құрамалардың жаттықтырушыларына дейін ашық, түсінікті және біркелкі етеді.
– Қандай жастан бастап бақылау жүргізіледі және шекті жас қандай?
– Жүйелі бақылау 10-12 жастан басталады, сол кезде негізгі қабілеттер мен футболға қатынас анықталады. Кейін әр жас санатының басымдылығы болады: U10-U12 – ерте мониторинг, U13-U15 – белсенді идентификация, U16-U19 – скаутинг, құрамалар пулын қалыптастыру, U20-U21 – ересектер футболына өту алдындағы соңғы кезең. Шекті жас – U21.
– Қазір бақылауда тұрған ойыншылардың базасы бар ма? Қандай деректер жиналады?
– Иә, база қалыптасып жатыр. Бұл элиталық жасөспірімдер футболы жаңа жүйесінің негізгі құрамдас бөлігі. Біз әр қабілетті футболшының дамуын динамикада қадағалайтын орталықтандырылған мониторинг құрылымын құрамыз.
Жиналатын деректер: техникалық көрсеткіштер, тактикалық сипаттамалар, физикалық параметрлер, психологиялық сипаттамалар, қолжетімді видео және аналитикалық материалдар, даму динамикасы.
Барлық дерек ойыншының цифрлық профиліне енгізіледі, ол ұлттық таланттар базасының негізі болады. Бұл футболшының дамуын толық көріп, оның аймағы немесе клубына қарамастан бағалауға мүмкіндік береді.
– Скаутинг жүйесі клубтарға көмектеседі ме немесе тек ҚФФ академиясы үшін бе?
– Біз клубтармен бәсекелеспейміз. Керісінше, ынтымақтастықты күшейту, ақпаратпен бөлісу, клубтарға перспективті ойыншыларды көруге көмектесу, біртұтас ұсыныстар жасау, іріктеуді стандарттау мақсатында жасаймыз. ҚФФ академиясы жүйенің бөлігі, бірақ біз Қазақстан футболын дамытуды мақсат етеміз.
– Шетелде ойнайтын ойыншыларды бақылау жоспарлана ма?
– Қазақстандық диаспора үлкен, шетелде туған және қаны қазақ ойыншылардың әлеуеті үлкен. Цифрлық платформа жасалуда, ол шетелдегі ойыншыларды іздеуді жеңілдетеді және ҚФФ мен олардың арасында тікелей байланыс орнатады. Бұл U-17-ден ұлттық құрамаларға дейінгі перспективті ойыншыларды бақылауға мүмкіндік береді.
– U-17 және U-19 жасөспірім құрамалары Еуропа чемпионатының элиттік раундтарына шықты. Бұл минималды көрсеткіш пе?
– Бұл тамаша жетістік және ойыншыларымыздың әлеуетін көрсетеді. Біз элиттік раундқа қатысып отыруға тырысамыз. Алайда басты назар тұрақты жүйе құруға қойылады. Минималды көрсеткіш жүйе толық жұмыс істегенде пайда болады.
– Бөлімнің негізгі мақсаты ірі турнирлердің финалына шығу ма?
– Иә, стратегиялық мақсатымыз Қазақстан құрамалары халықаралық жарыстардың финалдық кезеңдеріне тұрақты қатысуы. Алайда ойыншыларды дайындау, бәсекелестікті арттыру, жаттықтырушылар мен скауттардың сапасын жақсартуға басымдық береміз. Біз нәтижеге бір реттік жетістікпен емес, жүйелі жұмыс арқылы жүзеге асырамыз.