«Taraz Arena» спорт кешенінің алаңы ALAÑ бағдарламасы аясында жаңғыртылды
Футбол алаңының салтанатты ашылу рәсіміне ҚФФ Бас хатшысы Давид Лория, ҚФФ басқарушы директоры Бекжан Сафинов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов және спорт ардагерлері, қала тұрғындары қатысты.
Жиында сөз алған Давид Лория ҚФФ-ның еліміздегі футбол инфрақұрылымын дамытуда қолға алынған әлеуметтік жобалар қатары арта беретінін айтты.
«Бүгін баршаңызды көптен күткен қуанышты күнмен құттықтаймын. ҚФФ-ның басты мақсаттарының қатарында бұқаралық спортты дамыту жұмыстары бар. Осы ретте қолға алынған ALAÑ бағдарламасы аясында еліміздің әр өңірінде спорт алаңдары жаңғыртылып жатыр. Қазір сіздердің игіліктеріңіз үшін берілген осы алаңда болашақ ұлттық құрама мүшелері шынығып, өңір үшін де жақсы нәтижелер көрсетеді деп сенемін», деді Д.Лория.
Айта кету керек, осы айда ALAÑ бағдарламасы аясында БҚО, Маңғыстау және Атырау облыстарында реновациядан өткен алаңдар пайдалануға беріледі.