ҚФФ 2030 жылға дейінгі футболды дамыту жоспарын жариялады

ҚФФ 2030 жылға дейінгі футболды дамыту жоспарын жариялады

24 қараша 2025, 14:21
Бүгін Қазақстан футбол федерациясының кеңсесінде ҚФФ Техникалық директоры Геннадий Скуртул ұлттық футболды дамытуға бағытталған 2025-2030 жылдарға арналған кешенді стратегиялық бағдарламалардың ресми таныстырылымын өткізді. Кездесуге федерацияның құрылымдық бөлім жетекшілері, аймақтық өкілдер және футбол жобаларының үйлестірушілері қатысты.

Таныстырылым барысында бұқаралық футболды дамыту, жаттықтырушыларды даярлау жүйесін жаңарту, цифрландыру бағдарламасы, академиялар жұмысы, жастар футболы, техникалық саясат және әйелдер футболын күшейту бағыттары таныстырылды. Жаңа бағдарламалар Қазақстан футболының ұзақмерзімді дамуына жүйелі негіз қалауды мақсат етеді.

Бұқаралық футбол стратегиясында 2030 жылға дейін футболмен шұғылданатын азаматтар санын 1,5 миллион адамға дейін арттыру міндеті қойылды. Оқушылар мен студентер арасындағы футболды кеңейту, инклюзивті футболды дамыту, өңірлік әуесқой лигаларды біріктіру және балалар-жасөспірімдер жарыстарының бірыңғай стандарттарын қалыптастыру негізгі бағыт ретінде белгіленді.

ҚФФ таныстырған маңызды жобалардың бірі – KFF Digital Football Hub цифрлық платформасы. Бұл жүйе футболшылар мен жаттықтырушылардың жеке цифрлық идентификациясын, клубтар мен академиялардың бірыңғай реестрін, матч хаттамаларының толық статистикалық базасын, балалар мен жасөспірімдер футболына арналған автоматтандырылған тіркеу жүйесін, сондай-ақ мобильді қосымша мен аналитикалық құралдарды қамтиды. Платформаны кезең-кезеңімен енгізу 2025 жылдан басталып, 2030 жылы толық аяқталады.

Жаттықтырушыларды даярлаудың жаңартылған моделі де таныстырылымның негізгі бөліктерінің бірі болды. Жүйе UEFA C және B Youth лицензиялары бойынша оқу бағдарламаларын кеңейтуді, өңірлік нұсқаушылар корпусын дамытуды, онлайн оқу платформаларын қолжетімді етуді және жаттықтырушылардың кәсіби мансаптық өсу траекториясын нақты айқындауды көздейді. Жаңа модель ел бойынша жаттықтырушылар даярлау сапасын жүйелі түрде жақсартуға бағытталған.

Техникалық саясат бөлімінде ұлттық және жастар құрамаларының әдістемелік негізі бір жүйеге біріктірілетіні айтылды. Бұл U-15-тен ұлттық құрамаға дейінгі даму жолын бірыңғай техникалық философияға көшіруге мүмкіндік береді. Селекция стандарттары, аналитика құралдары және жаттықтыру процестері жаңартылған әдістемелермен толықтырылады.

Әйелдер футболын дамыту бөлек бағыт ретінде ұсынылды. U-15, U-17, U-19 және ұлттық құрамаларды қамтитын толыққанды дайындық жүйесі енгізіледі. Аймақтарда қыздар футболына арналған инфрақұрылым кеңейтіліп, жаттықтырушылар мен мамандар даярлау бағдарламалары күшейтіледі.

Кездесу қорытындысында Геннадий Скуртул ұсынылған бағдарламалардың Қазақстан футболының жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті. Оның айтуынша, негізгі мақсат – елдегі футбол инфрақұрылымын, білім беру жүйесін, цифрлық ортаны және кадрлық әлеуетті заманауи талаптарға сай жетілдіру.

ҚФФ алдағы уақытта стратегияларды іске асыру бойынша барлық құрылымдармен және өңірлік федерациялармен бірлескен жұмысты жалғастырады.

Бөлісу
Жоғары