Жаңаөзенде ALAÑ жобасы аясында футбол алаңы жаңартылды
Ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағанбетов, қалалық мәслихат төрағасы Ғалым Байжанов, ҚФФ-ның сыртқы байланыстар және өңірлік қатынастар жөніндегі басшысының орынбасары Марат Тәкенов, спорт ардагерлері Асамаддин Төрешов пен Дәуілбек Жауынбаев, ALAÑ бағдарламасының амбассадоры Дидар Сыдықбек, сондай-ақ федерация өкілдері Нұрсұлтан Еламанов пен Сергей Попов қатысты.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Жаңабай Аймағанбетов пен Ғалым Байжанов өңірдегі спорттық инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығын атап өтіп, жаңартылған футбол алаңы жас спортшылардың дайындалуына сапалы жағдай жасап, қала тұрғындары арасында дене шынықтыру мен бұқаралық спортты насихаттауға ықпал ететінін жеткізді.
Жаңартылған алаңға CCGRASS компаниясының жасанды төсемі төселді. Ол FIFA Preferred Provider сертификатына ие және УЕФА стандарттарына сәйкес келеді. Газонның тозу төзімділігі жоғары, ойыншылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз, сондықтан оны жаттығулар мен ресми матчтарға пайдалануға болады.
2025 жылы ALAÑ бағдарламасы аясында Қостанай, Петропавл, Екібастұз, Тараз, Ақтөбе, Қызылорда облысы, Орал және Жаңаөзен қалаларында он бір футбол нысаны жаңғыртылды. Жыл соңына дейін Атыраудағы тағы бір алаңның реновациясын аяқтау жоспарлануда.
ALAÑ бағдарламасы заманауи спорттық инфрақұрылымды дамытуға, жас футболшыларды жүйелі даярлауға жағдай жасауға және ел бойынша балаларды футболға көптеп тартуға бағытталған.