ҚФФ клубтарды лицензиялау бойынша жыл сайынғы семинар өткізді
Семинар барысында ҚФФ мен УЕФА-ның жаңартылған лицензиялау ережелеріндегі өзгерістер таныстырылып, 2025 жылғы қаулы бойынша ерлер және әйелдер командаларына қойылатын талаптардың негізгі тармақтары талқыланды. Қаржылық критерийлерге қатысты есептіліктің жаңартылған нысандары, лицензиялау процесінің негізгі тәртібі мен құжаттарды тапсыру мерзімдері туралы түсіндірме берілді. Сонымен қатар қаржылық мониторинг сапасын арттыру, есепті уақытылы тапсыру және ережелерді бұзуға жол бермеу мәселелері ерекше назарға алынды.
Лицензиялау департаментінің мамандары клубтардың аудит қызметімен жұмыс істеу тәртібін, басқа футбол клубтарының алдындағы, қызметкерлер алдындағы, салық органдары мен әлеуметтік қорлар алдындағы, сондай-ақ УЕФА мен ҚФФ алдындағы мерзімі өткен берешекке жол бермеу қажеттігін түсіндірді. Сондай-ақ клубтардың аудиттелген қаржылық есептерінде жиі кездесетін типтік қателер талқыланды.
Қатысушыларға «Футбол клубтарын лицензиялау ережелеріне» сәйкес Департаментке ұсынылатын ақпараттың толықтығы мен дұрыстығына қойылатын талаптар түсіндірілді. Сонымен бірге CL/FFP IT BOARD ақпараттық жүйесінде қаржылық деректерді ашық және уақтылы енгізу тәртібі түсіндіріліп, осы платформа арқылы УЕФА-ға берілетін мәліметтердің бақылау мерзімдері атап өтілді.
Семинар барысында клубтардың ағымдағы және болашақ маусымдарға қатысты қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуі үшін, әсіресе, нөлдік шығындылық көрсеткіштері, мерзімі өткен кредиторлық берешектің болмауы және соған қатысты құжаттарды дұрыс рәсімдеу талаптары жан-жақты қарастырылды. Қаржылық есеп нысандарын бухгалтер мен аудитор тарапынан дұрыс толтырудың әдістемесі де егжей-тегжейлі түсіндірілді.
ҚФФ Лицензиялау департаменті алдағы маусымдарда клубтардың қаржылық тәртібін нығайтуға, есептіліктің ашықтығын арттыруға және УЕФА талаптарына толық сәйкес болуын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жалғастырады.