Қарсыласпен танысу: Комор аралдары
Комор аралдарының құрамасы ФИФА-ның ұлттық құрамаларға арналған жаңартылған рейтингінде 106-орында тұр.
1979 жылдың 26 тамызында Комор құрамасы алғашқы ресми матчын Үнді мұхиты аралдары ойындары аясында өткізді. Ол кездесуде Маврикий құрамасымен ойнап, нәтижесінде 0:3 есебімен жеңілді.
Ал 2022 жылы Комор аралдары құрамасы Камерунда өткен Африка ұлттар кубогына алғаш рет қатысты. Сол турнирде команда өз тарихындағы ең үздік нәтижеге жетіп, 1/8 финалға дейін жетті.
2026 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу турнирінде команда I іріктеу тобында төртінші орын алды. Комор құрамасы бес рет жеңіп, бес рет жеңіліс тапты. Топта олардан жоғары Мали, Мадагаскар және Гана құрамалары орналасты.
Елдің басты стадионы – Нгазиджа аралында орналасқан «Стад Омниспортс де Малузини». Стадион 2019 жылы салынған және 14 053 көрерменге арналған. Бұл – Комор аралдарындағы ең ірі стадион.
Комордағы ең титулды клуб – «Коин Норд». Бұл клуб ел чемпионатын 7 рет жеңіп алған. Ал елдің қазіргі чемпионы – «Зилимаджу».
Комор құрамасының тарихындағы ең үздік бомбардир – Эль-Фарду Бен-Набуан. Ол француздың «Гавр», гректің «Олимпиакос», сербиялық «Црвена Звезда» және кипрлік АПОЭЛ клубтарында ойнаған. Ұлттық құрама сапында 19 гол соққан.
Ал құрама тарихындағы ойын саны бойынша рекорд Юссуф Якуб М’Чангамаға тиесілі. Ол ұлттық құрама сапында 63 матч өткізген.