Рудныйда ФИФА нұсқаушысының қатысуымен футзал төрешілеріне арналған оқу-жаттығу жиындары өтуде
Оқу бағдарламасы алдағы маусымда енгізу жоспарланып отырған Video Support (бейнеқолдау) жүйесіне төрешілерді дайындауға бағытталған. Жиын барысында қатысушылар бейнеқайталаумен жұмыс істеу қағидаларын, даулы эпизодтарды талдауды және жаңа технологияларды қолдана отырып шешім қабылдау ерекшеліктерін меңгереді.
ОЖЖ бағдарламасына теориялық және практикалық сабақтар, сондай-ақ бейнеанализ арқылы ойын жағдайларын талдау кіреді. Негізгі назар төрешіліктің заманауи талаптарына және алаңдағы шешім қабылдау сапасын арттыруға аударылған.
19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының матчтарында оқу барысында меңгерілген білім қазірдің өзінде тәжірибеде қолданылып жатыр.
Оқу-жаттығу жиындарына барлығы 33 төреші мен 7 нұсқаушы қатысуда. Іс-шара Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен ұйымдастырылып, елдегі футзал төрешілерінің біліктілігін арттыруға бағытталған.