Ақеділ Мадияров: «Төрт жылдан бері ұлттық құрамаға оралу мақсатымен жүрдім»
– Біз бұл ойынға жақсы дайындалдық, күтіп жүрдік. Оның үстіне өз жанкүйерлеріміздің алдында ойнау ерекше. Ақтаудағы атмосфераны өздеріңіз көрдіңіздер. Ойын біткеннен кейін де адамдар тарамай тұр, бұл керемет.
Бапкерлер штабына, Какау бастаған ұжымға және командадағы серіктестеріме алғыс айтқым келеді. Біз соңына дейін күрестік, жанкүйерлерді қуантуға тырыстық. Ұзақ уақыт құрамадан тыс қалдым. Литвадағы әлем чемпионатынан кейін төрт жарым жыл шақырту алмадым. Сол уақыттың бәрінде осы мақсатпен, осы оймен жүрдім.
Шынымды айтсам, осы күнді төрт жарым жыл күттім, бәлкім бүкіл өмірімде күткен шығармын. Алғашқы голдарымды командаластарымның арқасында соқтым. Олар өте жақсы мүмкіндіктер жасап берді, ондай сәттерде соқпай қалу қиын. иҚазір Какау жаңа ойын стилін енгізіп жатыр. Ол құраманы қайтадан Еуропа және әлем чемпионаттарына шығарғысы келеді. Біз оған сенеміз. Осындай атмосфера бұдан да жиі болса екен дейміз.
Атмосфера өте керемет болды. Ойнау да өте керемет. Қазір футзал Қазақстандағы ең дамыған спорт түрлерінің бірі деп ойлаймын. Қай қалаға барсақ та, Семей болсын, басқа қала болсын, бәрібір жанкүйерлер көп жиналады. Жанкүйерлерге рақмет. 15-і күні тағы күтеміз, - деді Ақеділ Мадияров.