Ксения Постовая: «Құраманы күшейтіп, жаңа таланттарды қатарға қосамыз»
Ол Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында өткен үш матч туралы пікір білдіріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Егер команданың өнерін нәтиже тұрғысынан бағаласақ, әрине, жағдай жақсы емес. Біз осы кезеңде сәтсіз өнер көрсеттік. Ал егер алға қойылған міндеттер тұрғысынан қарасақ, тапсырма орындалды деуге болады. Себебі құрам 90% өзгерді, бапкерлік штаб та жаңарды. Алаңда қыздардың мүмкіндіктерін, олардың өзара үйлесімін қалыптастырдық. Біз бұл құрамның ойын үлгісін пысықтап, не жетіспейтінін түсіндік.
Осындай үлкен талдау жұмыстарынан кейін күзгі кезеңге дайындықты бастаймыз. Неге нәтиже нашар болды? Әрине, бұған ойыншыларды іріктеу жұмыстары әсер етті. Жарысқа шығар алдында негізгі құрамдағы үш ойыншымыз түрлі себептермен қатардан шығып қалды. Салдарынан негізгі құрамдағы екі шабуылшысыз аттандық. Бұл өз кезегінде қарсылас қақпасына гол соға алмауымызға әсер етті. Сондықтан нәтиже осындай болды.
Біз қорғаныста өте жақсы ойнадық, бірақ гол соғу үшін ресурс пен ойыншылар жетіспеді. Әрине, команданы күшейтіп, селекцияны жақсарту керек. Біз жылдам, сапалы вингерлерді, шабуылда жақсы ойнайтын, допқа таласатын шабуылшыны іздейміз. Оған қоса, ойын моделіндегі әлсіз тұстарымызды жетілдіреміз.
Алда үлкен селекциялық жұмыс күтіп тұр. Штаб ішіндегі коммуникацияны да жақсарту қажет, кейбір тұстарды қайта қарастырамыз», деді К.Постовая.
Бұдан бөлек, бас бапкер 2025/26 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу ойындарын өткізген қарсыластың өнеріне баға берді.
«Қарсыластар біз күткендей ойнады. Израиль бұл топта көшбасшы болды, топтан бірінші орынмен шықты. Болгария A лигасынан түскен команда ретінде екінші орын алды. Ал Мальтамен тартысты ойын өткіздік. Бұл матчта біз басымдық таныттық, бірақ, қалай айтсақ та, есеп тақтада көрінеді. Қанша жақсы ойнасақ та, нәтиже ол нәтиже, бұл біз үшін теріс болды.
Жалпы қарсыластар жақсы ойнады және бізге тәжірибе берді. Өйткені біздің үш ойын да әртүрлі өтті. Әр матчта біз ойын моделіміздің белгілі бір элементтерін пысықтадық.
Бізді алда барлық ойынды толық талдау, не жетіспегенін анықтау жұмыстары күтіп тұр. Үлкен селекциялық жұмыс жүргізіледі, талантты ойыншыларды іздейміз. Құрамада орталық алаңда жақсы негіз бар, бірақ шабуылшылар өте әлсіз, тіпті жоқтың қасы десек болады.
Сондықтан құрамды күшейту, жаңа ойыншылар қосу және бапкерлік шеберлікті одан әрі жетілдіру басты мақсатымыз болады», деді Ксения Постовая.